СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ринат Елжасовтың айтуынша, былтыр кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен 2300-ден астам бала қамтылды. Оған 125 млн теңге бөлінді.
Сонымен қатар, мұқтаж санатындағы 8 400 адамға 271 млн теңгеге әлеуметтік төлем жүргізілді.
«Қиын өмірлік жағдайға тап болған, бірақ еңбекке қабілетті адамдарға көмектесу үшін оларға жұмыс ұсынылады. Былтыр 605 адам жұмыспен қамтылды, оның 444 тұрақты жұмысқа орналастырылды. 19 адам түрлі курстар мен оқытудан өтті, аз қамтылған 45 адам бизнес-идеяларын іске асыру үшін грант алды.
Жалпы қабылданған шаралар кедейлік шегінен төмен тұратын азаматтар санының өсуіне жол бермеді. 2021 жылмен салыстырғанда көмек алушылар саны 10 326 адамнан 8 914 адамға дейін немесе 14% төмендеді», - дейді басқарма басшысы.
Биыл 9 700 азаматқа атаулы әлеуметтік көмек көрсету жоспарланған. Бұл мақсатқа 787,3 млн теңге қарастырылған.
«Кепілді әлеуметтік пакет алушылардың тілегін ескере отырып, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл көмекті осы жылдан бастап монетизациялау туралы шешім қабылдады. Енді атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 1 жастан 6 жасқа дейінгі әрбір балаға ай сайынғы негізде 1,5 АЕК - 5175 теңге мөлшерінде қосымша ақшалай төлем жасалады.
Бұл ата-аналарға балаларының жеке қажеттіліктеріне қарай өнімдерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді», - дейді Ринат Елжасов.
Облыста көмектің бұл түрін алатын 1600-ге жуық бала бар. Биыл оларға 74 млн теңгенің көмегі көрсетілмек.