СҚО-да былтыр есірткі қылмысы үшін 126 адам жауапкершілікке тартылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында былтыр есірткі қылмысына қатысты 250-ге жуық дерек тіркелді, айналымнан 421 кг астам түрлі есірткі алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Иван Терзидидің айтуынша, былтыр 241 есірткі қылмысы анықталса, соның 17-сі есірткіні аса ірі көлемде сақтауға қатысты. 12 дерек контрабандаға және 89-ы есірткі заттарын сатуға байланысты. Нәтижесінде айналымнан 421 кг 716 гр есірткі, соның ішінде 3 кг 500 гр синтетикалық есірткі алынды.

126 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

«Былтыр Алматыдан және Астанадан Петропавлға синтетикалық есірткіні жеткізудің екі жолы кесілді. Сондай-ақ облыста есірткіні қолдан жасап келген зертхана анықталып, жойылды. 22 жастағы жігіт өзі синтетикалық есірткі жасауды үйреніп, интернет дүкен ашқан. Жедел шара барысында сатуға дайын тұрған 200 дозалық 60 түйіншек «спайс» алынды. Сондай-ақ оны жасауға арналған керек-жарағы тәркіленді», - дейді Иван Терзиди.

Полицейдің айтуынша, бүгінде есірткі қылмысына қатысты жаза күшейтілген. Бірақ бұл да тоқтау салмай отыр.

«Былтыр қылмыстық жауапкершілікке тартылған 126 адамның 58-і – 16 мен 25 жас аралығындағы жастар. Жартысына жақындап келеміз. Мәселен 2016-17 жылдары қылмыстың бұл түрімен ұсталған бұл жастағылардың үлесі 5-10% аспайтын», - дейді басқарма бастығы.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, СҚО-да есірткіге тәуелді 498 адам бар, оның екеуі – жасөспірім.

Полиция тарапынана жүргізіліп жатқан түрлі іс-шара, акция, кездесулердің нәтижесінде былтыр жасөспірімдер арасында есірткіні мөлшерден тыс пайдалану фактілері оның алдындағы жылмен салыстырғанда екі есе азайып отыр.