СҚО-да COVID жұқтырып, ем алып жатқандардың екеуі – жүкті әйел
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында COVID-пен ауырғандардың саны артып келеді. Жыл басынан бері коронавирус жұқтырудың 54 жағдайы тіркелді. Қайтыс болғандар жоқ.
Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте СҚО-дағы эпидемиологиялық жағдай туралы айтылды.
СҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қаныш Бижановтың айтуынша, өңірде вирустық инфекциялардан емдеу үшін жатқызуға барлығы 181 орын дайындалды, оның 113-і - балаларға, 68-і - ересектерге арналған.
«Бүгінгі күні емдеу мекемелерінде коронавирус жұқтырған 4 адам стационарлық ем алып жатыр, олардың екеуі жүкті әйел. Сондай-ақ жіті респираторлық-вирустық инфекция жұқтырған 18 адам ауруханаға түсті, олардың жетеуі ересек, 11-і – бала.
Өткен тәулікте ЖРВИ-мен 4 пациент, яғни бір бала, бір жүкті әйел және екі ересек емделуге жатқызылды, коронавирустан тәуір болған бір сырқат ауруханадан шығарылды», - дейді Қаныш Бижанов.
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде амбулаторлық жағдайда суық тиіп ауырудың 689 дерегі тіркелді. Оның ішінде 427-сі - 18 жасқа дейінгі бала, 28-і – ересектер.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, жыл басынан бері коронавирустық инфекцияның 54 жағдайы тіркелді. Қайтыс болғандар жоқ.
«КВИ көп жағдайда жеңіл өтіп жатыр. Қазақстанда, бүкіл әлемдегідей, 100% Омикрон штаммының әртүрлі нұсқалары таралып жатыр. ЖРВИ, тұмау және COVID-19 бойынша эпидемиялық маусым кезеңінде профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды өткізу бойынша Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысы бар. Оның ішінде бетперде пайдалану, антисептиктерді қолдану, ЖРВИ, тұмау белгілері бар жүкті әйелдер мен бір жасқа дейінгі балаларға қатысты үйге шақыру келіп түскен жағдайда оларға бірінші кезекте қызмет көрсету және 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы вакцинация жүргізу шаралары бар», - дейді Әсет Жұматаев.
Биыл тәуекел тобына жататын 60 мың адамды тегін иммундау жоспарланған. Ол үшін Ресейде шығарылған «Гриппол плюс» вакцинасы сатып алынды. Вакцинация тұрғылықты жері бойынша емханаларда жүргізіледі.
Бұған дейін СҚО-да АИТВ жұқтырған 10 баланы дәрігерлер бақылауына алғанын жазған едік.