СҚО онкологиялық орталықтың онкохирургі Виктор Фрешердің айтуынша, өңеш обыры - бұл өте жиі кездесетін қатерлі ісік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша таралуы жағынан 6-шы орында. Өңірде былтыр жаңадан 34 адамда анықталса, 2020 жылы 38 жағдай тіркелген.
«Өңеш қатерлі ісігінің пайда болуына не себеп? Әр түрлі тітіркендіргіш факторлардың әсерінен эзофагит - өңештің созылмалы қабынуы пайда болады, кейін ол қатерлі ісікке айналады. Аурудың дамуына темекі мен спирттік ішімдіктер, дұрыс тамақтанбау, құрамында ауыр металдар бар сапасыз ауыз су ішу, өңештің химиялық күйік алуы, зиянды өндірісте жұмыс істеу, өте ыстық сусын ішу, қатты тамақтан немесе бөгде заттан өңештің шырышты қабығына механикалық зақым әсер етеді. Бастапқыда ауру байқалмайды, кейін ыңғайсыздық келтіріп, қатты тамақ ішу қиынға соғады, өңеште «кесек» тұрғандай жұтуға кедергі келтіреді», - дейді дәрігер.
Өңеш обыры үлкейе келе жұтқыншақта ауырсыну пайда болады. Жүрек айнып, құсу жиілейді. Дұрыс тамақтана алмағандықтан, дистрофия пайда болады, адам әлсірейді, салмағын жоғалтады, анемияға ұшырайды. Адам үнемі аш сезімде жүреді, тілінің үстінде ақшыл-сұр жабынды пайда болады.
«Өңеш қатерлі ісігінде трахеяның тітіркенуіне байланысты тұрақты құрғақ жөтел, дауыстың шықпауы, қан аралас қақырықты жөтел болып, ауыздан жаман иіс шығуы мүмкін. Кей жағдайда адамның дене қызуы көтеріледі. Ал обырдың соңғы кезеңінде ісік өңеш арқылы тамақтың өтуіне жол бермейді. Бұғана маңында үлкейген лимфа түйіндерін байқауға болады. Өңеш қатерлі ісігі, әдетте, өте баяу дамиды, десек те өңеш қатерлі ісігінің алғашқы белгілерінде бірден дәрігерге көріну керек», - дейді Виктор Фрешер.
Дәрігердің айтуынша, обыр ауруында неғұрлым ерте маманға көрінген тиімді. Сырқат тиісті тексерулерден өтіп, дәрігердің болжамы расталған жағдайда, ем-дом шаралары қолға алынады. Өңеш қатерлі ісігін емдеудің бірнеше әдісі бар. Бұл аурудың қай кезеңде анықталғанына, науқастың жасына, оның жалпы жағдайына байланысты қолданылады.
СҚО-да қазіргі уақытта 70 адам қатерлі өңеш ісігімен есепте тұр. 2020 жылы - 21, былтыр 10 науқас қайтыс болды.