«Қазгидромет» РМК СҚО филиалы директорының орынбасары Наталия Левинаның айтуынша, қалыптасқан ыстық ауа-райы Иран мен Орта Азиядан келген ауа массаларымен байланысты. Түнде ауа температурасы 18.. 23°С, күндіз термометр бағандары 34.. 39°С дейін көтерілді. 3 маусымда ауа температурасы кей жерлерде 42°С дейін жетеді.
«7 маусымнан бастап СҚО аумағына циклон келеді. Оның әсерінен найзағай ойнап, қысқа мерзімді жаңбыр жауады, жел күшейеді, бұршақ, шаңды дауыл болады. Ыстықтың да беті қайтады.
Ауа температурасы түнде 18.. 23°С-тан 12.. 17°С дейін, күндіз 34.. 39°С-тан 22.. 27°С-қа дейін біртіндеп төмендейді.
Маусымның екінші және үшінші онкүндігінде ауа райы ауыспалы болады. Қысқа мерзімді жаңбыр, екпінді жел, найзағай, бұршақ және шаңды дауыл болуы мүмкін», - дейді Наталия Левина.
Жалпы маусым айында бір айдағы орташа температура 18,2.. 20,0°С болады деп күтілуде, бұл нормадан 1-2 градусқа жоғары. Ал жауын-шашын мөлшері кей жерлерде нормадан аз болады деп болжанған.
«СҚО-да ауа температурасының 35-тен 40-қа дейін жоғарылауы сирек кездесетін табиғи құбылысқа жатады. Петропавл қаласы бойынша термометр бағанасы 1940 жылдың шілдесінде 40,5 °С дейін көтерілді. Облыс бойынша соңғы рет қатты ыстық 2021 жылдың 2-3 шілдесінде Тимирязево, Рузаевка және Чкалов метеостанцияларында тіркелді, мұнда сынап бағанасы 40,1..40,5 °С жетті», - дейді синоптик.
Аптап ыстыққа байланысты СҚО-да 1-3 маусым аралығына ескерту берілді.