СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл барлық егістік аумағы 4,3 млн га алып жатыр.
Егіс алқаптарын әртараптандыру нәтижесінде көктемде шамамен 1 млн га майлы дақыл егілді.
2,9 млн га бидай мен дәнді-бұршақты дақылдар себілсе, қалғанына картоп пен басқа да көкөніс отырғызылған.
«Қазіргі уақытта егін орағы қызған, диқандар ашық күндерді пайдаланып жатыр. Бүгінге дейін бидай мен дәнді-бұршақты дақылдардың 2 578,9 мың га немесе 86,1 %-ы орылды. Оның 74,1 %-ы бастырылып, 2 475,5 мың тонна өнім алынды. Гектар шығымдылығы орта есеппен 10,7 центнер», - дейді СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы Нарғыз Ақжігітова.
Күзгі орақ науқанында 7 156 комбайын жұмыс істеп жатыр.
Оның 4 мыңға жуығының өнімділігі жоғары, сондай-ақ алқап басында дестелегіші бар 4 800-ге жуық техника жүр.
Биылғы өнімді ысырапсыз жинап алуға қосымша 12 800 трактор, 9 600 трактор тіркемесі және 6 мыңға жуық жүк көлігі тартылды.