СҚО-да дрондар су тасқыны қаупін бақылау үшін қолданылады
АСТАНА. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі наурыз айының соңына қарай ұшқышсыз басқарылатын аппараттарды қолданысқа енгізбек.
– Солтүстік Қазақстан облысында «Бірыңғай дрон инфрақұрылымы» жобасы су тасқыны кезеңінде (наурыз айының соңында, екі айға) іске қосылады. Бұл мәселені қарастыру аясында «Қазақтелеком» АҚ-ның пилотсыз ұшу аппараттарын пайдалану жөніндегі ұсынысы зерттеліп, оны су тасқыны жағдайын нақты уақыт режимінде бақылау үшін қолдану ұсынылды. Солтүстік Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, жобаны әзірлеушілермен бірнеше кездесулер өтті. Онда дрондарды жалға алу шарттары, олардың функционалдық мүмкіндіктері және су тасқыны кезеңінде жауапты қызметтердің өзара іс-қимыл тәртібі талқыланды, - делінген әкімдіктің агенттік тілшісіне берген жауабында.
Әкімдік қызметкерлері су тасқынынан қауіп төнген уақытта дрондар қандай қызмет атқаратынын да нақтылады.
– Қазіргі уақытта жоба төтенше жағдайларды, атап айтқанда, су тасқыны жағдайын бақылау саласында жүзеге асыру жоспарланып отыр. Ұсынылған модельге сәйкес, облыстың негізгі орындарында автоматты қуаттандыру кешені бар 8 дрон іске қосылады. Олардың негізгі міндеті – су деңгейінің сыни өзгерістері мен ықтимал қауіптер туралы деректерді жедел беру, бұл ТЖД қызметтеріне уақытылы әрекет етіп, эвакуациялау немесе басқа да шараларды қабылдау туралы шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді, - дейді олар.
Айта кетсек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Біріңғай дрондар инфрақұрылымы» пилоттық жобасы қолға алынған болатын.
Дрондардың негізгі мақсаты - мемлекеттік және инфрақұрылымдық жобалардың тиімділігін арттыру. Құрылғылар мектептер мен жолдардың құрылысын, жылу желілерінің жағдайы сынды түрлі мемлекеттік маңызды объектілердің жұмысын бақылауға да пайдаланылады. Нәтижесінде басқару жүйесінің ашық болуын қамтамасыз етеді.
Еске сала кетейік, көктемгі тасқынға қарсы Ақтөбе облысының әкімдігі қайық пен дрон сатып алып жатқанын жазған едік.