Бұл туралы облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Майдангер санаулы күннен кейін 99 жасқа толар еді.
— Федор Васильевичтің өмірі — төзімділіктің, адалдықтың және Отанға шексіз сүйіспеншіліктің айқын үлгісі. Ол әскери жолын 17 жасында бастап, 371-ші атқыштар дивизиясының құрамында ауыр жылдарды өткерді. Соғыстан кейін құрылыс саласында еңбек етіп, бейбіт заманда да елге адал қызметін жалғастырды.
Жыл сайын мен Федор Васильевичке барып тұратынмын. Оның әңгімелері — даналыққа, Отанға деген шексіз сүйіспеншілікке толы еді. Сол естеліктер әрдайым жүрегімізде сақталады.
Жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Федор Васильевичтің ерлігі, еңбегі және жарқын бейнесі солтүстікқазақстандықтардың жадында мәңгі сақталады, — деп жазды СҚО әкімі.
Федор Щеглов — ІІ Дүниежүзілік соғыста болған, жеңісті жақындатуға үлес қосқан өңірдегі соңғы ардагер.
Бұған дейін Таразда 105 жасқа қараған шағында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, майдангер Григорий Нещеретнев дүниеден өткенін жазған едік.