СҚО-да егістіктің жартысынан астамына дән себілді
Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтеріне қарағанда, дүйсенбіге дейін шаруалар астық егілетін алқаптың 54%-ына, ал майлы дақылдар егілетін жердің 64%-ына егін салып үлгерген. Соңғы күндері егіншілер 33 мың гектер жерге дәнді дақылдар, 13 мың гектарға майлы бақылдар сепкен.
Өткен аптада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев ат басын бұрған болатын. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров егін салу науқаны туралы әңгімелеп, күн райы жайлы болса, көктемгі егін салу жұмыстары мерзімінен кешікпей орындалатынын жеткізді.
Еске салайық, Солтүстік Қазақстан облысында егін салу науқаны 15 мамырда басталған. Биыл өңірдегі жалпы егін салынатын жер 4,1 миллион гектарды құрайды. Соның ішінде 2,7 миллион гектарға астық, 1 миллион гектарға майлы дақылдар себіледі.
Биылғы егіс науқанына 13 мың трактор, 16 мың тұқым сепкіш, 1147 заманауи егіс кешені жұмылдырылған.
Фото: t-l.ru