СҚО-да екі адам биыл бруцеллез жұқтырды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысының екі ауданында бруцеллез жұқтыру дерегі тіркелді. Ауырғандардың біреуі — ветеринар.
Ол Қызылжар ауданының Пресновка ауылында мал дәрігері болып жұмыс істеген. Дәрігерлердің айтуынша, қазір жағдайы қанағаттанарлық. Диспансерлік есепке алынған науқас айыққанша бақылауда болады.
Қауіпті инфекцияны жүұтырғандардың екіншісі — Айыртау ауданының тұрғыны. Ол ауру малдың өнімін тұтынған болып шықты.
— Бруцеллез ауруын жұқтырғандар 45 күн ем алуы тиіс. Оның 20 күні стационарлық жағдайда өтеді. Екі түрлі антибиотик егіледі. Әдетте жұқтырған адамның дене қызуы көтеріледі. Бұлшықеттері ауырады. Жамбас, сан буындары сырқырап ауырады. Бруцеллез қауіпті дерт, асқынуы мүмкін. Диагноз қойылған жағдайда сырқатты қосымша невропатолог, ревматолог, травматологтар да қарайды. Себебі, бруцеллез жүйке жүйесін зақымдайды, «неврит» пайда болуы мүмкін. Бұлшық еттерді зақымдайды «мелит» пайда болуы мүмкін және ірі буындарда «артриттер» пайда болуы мүмкін. Бруцеллездің өзі 45 күнде емделгенімен оның аөқыныстары ұзақ жылдарға кетеді. Яғни ұзақ жылдар бойы дәрігердің бақылауында болады, — дейді инфекционист-дәрігер Абылайхан Таңатар.
Маманның айтуынша, инфекция адамнан адамға жұқпайды, тек жануарлардан ғана жұқтыру мүмкін. Ал жануарларға кене арқылы жұғады.
— Бруцеллез қоздырғышы өте сезімтал келеді. 100 градустан жоғары және 10 градус төмен температурада жойылады. Ал етте 150 күнге дейін тұра береді. Сол себепті мал өнімдерін термиялық өңдеп тұтынған дұрыс, — дейді Абылайхан Таңатар.
Бұған дейін Батыс Қазақстанда 26 адам бруцеллез жұқтырғанын жазған едік.