СҚО-да екі баланың өліміне кінәлі деп танылған мейірбикеге сот үкімі өзгеріссіз қалды

Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында астан уланып қайтыс болған екі балаға қатысты істің нүктесі қойылды. Медбике Айдана Бейсембаеваға қатысты сот үкімі өзгеріссіз қалды. 

СҚО сотының мәліметінше, апелляциялық алқа іс материалдарын қарап, бүгін Айдана Бейсембаеваға қатысты бірінші сатының үкімін өзгеріссіз қалдырды. Маусым айында сот медбикені кінәлі деп танып, екі жылға колония-қонысқа соттаған еді. СҚО мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты кәсіби міндетін тиісті деңгейде атқармаған медицина қызметкеріне жаза кесіп, ол сот залында қамауға алынды.

Естеріңізге салайық, оқиға былтыр 13 маусымда болған еді. Коваленко отбасының бес адамы кешкі ас кезінде ауылдағы дүкеннен сатып алынған тұшпара мен шұжық жеп, кейін уланып қалған. Олар жергілікті медициналық пукнтке барып, көмек сұраған. Мейірбике бірнеше рет келіп, тиісті ем-дом жасаған, алайда сол күні аудандық ауруханаға хабарлап, жеткізбеген. Екінші күні 3 жасар ұл мен 6 жастағы қыз бала қайтыс болды.

Тергеу қорытындысы бойынша 26 жастағы медбике Айдана Бейсенбаеваға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қайтыс болған балалардың анасы да болған оқиғаға медициналық қызметкерді кінәлады.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Бұған дейін СҚО-да 38,5 млн теңге көлемінде интернет-алаяқтыққа қатысы бар бес адам ұсталғанын жазған едік.