СҚО-да екі балықшы 1,2 млн теңгеге жуық айыппұл төлеулері мүмкін
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавл қаласының екі тұрғыны көлден балықты тыйым салынған тәсіл — электр тогын қолданып аулаған.
Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, оқиға 20 тамызға қараған түні Пеньково ауылының маңында, Белое көлінде болған. Петропавл қаласының екі тұрғынын электр тогын пайдаланып заңсыз балық аулап жатқан жерінен тәртіп сақшылары ұстаған.
Олар енді Қылмыстық кодексінің 335-бабы 1-бөлігі 2-тармағы — «балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді электр тогын қолдана отырып заңсыз өндіру» бойынша жауап береді.
Полицейлердің айтуынша, бұл қылмыстық құқық бұзушылық үшін 3 мың АЕК, яғни 1 180 мың теңге шамасында айыппұл немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары; немесе қоғамдық жұмыстарға 800 сағатқа дейін тарту қарастырылған. Тіпті үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектеліп немесе мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге және үш жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бұған дейін СҚО-да әкімдіктің бұрынғы қызметкерлері 46 млн теңге жымқырғанын жазған едік.