СҚО-да екі мың оқушы көрші ауылдың мектебіне күнделікті барып-келіп оқиды

Фото: Абай облыстық Білім басқармасынан

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында биыл 74 мың оқушы мектепке барса, соның 6,5 мыңға жуығы 1-сыныпқа қабылданды.

СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Татьяна Протопопованың айтуынша, жаңа оқу жылында 444 мектеп жұмыс істейді. 

— 279 елді мекеннің оқушылары үшін мектепке жеткізу ұйымдастырылады. Оның ішінде 2 075 оқушы күнделікті, ал 932 оқушы апта сайын тасымалданатын болады. Қазіргі уақытта 150 автокөлік бар. Автопаркті жаңарту мақсатында биыл қосымша 8 автокөлік сатып алынды, — дейді Татьяна Протопопова.

Өңірдегі 24 колледжде биыл 11 мың адам оқымақ. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 1-курсқа 3 700-ге жуық талапкер алынады, олардың ішінде жұмысшы мамандықтарға — 1 870 адам, ал орта буын мамандарына (11 сынып негізінде) — 1 500 адам қабылданады.

— Бүгінгі таңда 3 900 өтініш келіп түсті. Педагогикалық, медициналық, шығармашылық мамандықтар және орта буын мамандарын даярлау бойынша қабылдау аяқталды, ал жұмысшы мамандықтар бойынша өтініштерді қабылдау 27 тамызда аяқталады, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

Бұған дейін жаңа оқу жылы алдында мектеп маңындағы қауіпсіздік қатаң тексерілетіндігін жазған едік.