Былтыр өңірде СҚО экология департаменті бақылау субъектілеріне қатысты 60 тексеру жүргізіп, 125 заң бұзуды анықтаған. Осы жылдың өткен кезеңінде 56 тексеру өткізіп, 140 заң бұзуды тіркеген. Тексерулердің ішінде профилактикалық бақылаулар, жоспардан тыс тексерулер және біліктілік талаптарына сәйкестікті бағалау бар.
Осылайша, тексерулер саны азайғанымен, анықталған заң бұзу саны 12% өскен. Былтыр олардың ең көбі Петропавлда тіркелсе, биыл облыс орталығымен қатар Айыртау және Қызылжар аудандары алдыңғы қатарға шыққан.
Экологиялық заңбұзушылықтар санының өсуі бақылау органдарының назарын аударып отыр.
Атмосфералық ауаның сапасы — басты мәселелердің бірі
Өңірдегі экологиялық ахуалға әсер ететін факторлардың бірі — өнеркәсіптік және өзге де қызмет түрлерінен атмосфераға шығарылатын зиянды заттар. Қазіргі уақытта облыста I санаттағы нысандарға қоршаған ортаға әсер етуге экологиялық рұқсаты бар 57 кәсіпорын бар. Олар атмосфералық ауаға зиянды шығарындылар жасайды. 2025-2026 жылдар аралығында экологиялық заңнаманы бұзудың 265 дерегі анықталды.
Экология департаментінің мәліметінше, Петропавлда күкіртсутек концентрациясының шекті рұқсат етілген мөлшерден асып кетуі әлі де шешімін таппаған проблемалардың қатарында.
Тұрмыстық қалдықтарға да қатысты мәселе бар. Қазіргі уақытта қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны толған. Экологиялық талаптарға сəйкес келетін арнайы қоқыс орындардың саны жеткіліксіз. Бұдан бөлек, облыс аумағында тұрмыстық қалдықтар жанып, ауаны ластайды. Былтыр қоқыс үйінділері жануының 8 фактісі анықталса, биыл 13-ке жеткен.
Су ресурстары мен балық қорын қорғау
Өңірде өзен-көлдердің ластануы да назар аударуды қажет етеді. СҚО Экология департаменті 2025 жылы су ресурстарының ластануының екі фактісін, биыл тағы екі жағдайды анықтаған.
Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының деректері бойынша, қазіргі уақытта 160 субъектінің қарамағына 312 су айдыны бекітілген. Оның 158-і кәсіпшілік балық аулауға, 150-і көлдік- тауарлық және шаруашылық қызметке, екеуі әуесқойлық балық аулауға және тағы екеуі балық қорын молайтуға арналған.
— Былтыр балық ресурстарын қорғау саласында 90 әкімшілік құқық бұзу анықталып, биыл жыл басынан бері 98 дерек тіркелді. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы — 4 млн 177 мың теңге. Оның 4 млн теңгеге жуығы өндірілген. Бұдан бөлек, былтыр қылмыстық істер бойынша келтірілген залал 133,5 млн теңгеден асса, биыл 18,2 млн теңгеге жуықтады. Алайда, екі жылда 22 млн теңге ғана өндірілді, — дейді инспекция басшысының міндетін атқарушы Марат Есімсейітов.
Жер қойнауын заңсыз пайдалану
Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының мәліметінше, былтыр өңірде табиғи қиыршық тасты рұқсатсыз өндірудің бір фактісі анықталған. Кәсіпкерлік субъектісі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 139-бабының 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды.
Биылғы тоғыз айда жер қойнауын рұқсатсыз пайдаланудың төрт фактісі тіркелген. Оның үшеуі бойынша кінәлі субъектілер әкімшілік жауапкершілікке тартылса, бір дерек жер қойнауын өз бетінше пайдалау бойынша, яғни ҚР Қылмыстық кодекстің 334-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.
Прокурорлық қадағалау: 157,7 млн теңге өндірілді
Облыстың мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы 2025 жылы 110 заң бұзуды анықтап, оның 90-ын жоюға қол жеткізген. Нәтижесінде 122 адам түрлі жауапкершілікке тартылған.
Биыл прокуратура 92 заң бұзуды анықтап, оның 77-сін жойған. Қабылданған шаралар нәтижесінде 143 адам заң алдында жауап берді.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша жалпы екі жылда 157,7 млн теңге өндірілген.
— Былтыр 26,7 млрд теңгенің, ал биыл 59,4 млрд теңгенің мүлкі мемлекетке қайтарылды. Сондай-ақ осы жылы бюджет қаражатының 2,5 млн теңгесінің негізсіз жұмсалуына жол берілмеді, — дейді мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Айтуған Қаскербаев.
Өңірдегі экологиялық мәселелерді шешу үшін жергілікті атқарушы органдарға қадағалау актілері мен ақпараттық хаттар енгізілген. Қазіргі уақытта оларды орындау бойынша кезең-кезеңімен шаралар қабылданып жатыр.
Бұған дейін СҚО-да тұрғындар енді экологиялық заң бұзу туралы Telegram-бот арқылы шағымдана алатынын жазған едік.