СҚО-да екі көлік соқтығысып, бір адам ауыр халде ауруханаға түсті

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «ГАЗ 3309» көлігі мен «МАН» жүк көлігі соқтығысып, соның салдарынан бір адам ауыр халде ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға бүгін сағат 17.00 шамасында «Петропавл-Жезқазған» автожолының Бескөл ауылы маңында болған. «ГАЗ 3309» көлігі мен «МАН» жүк көлігі соғылып, соның салдарынан бірінші машинаның жүргізушісі темір құрсауда қалады. Апат орнына өрт сөндіру және апаттан құтқару қызметінің құтқарушылары жетіп, зардап шегушіні майысқан кабинадан деблокация әдісімен, яғни темірді кесіп алып шықты.

Мамандар зардап шеккен 52 жастағы азаматты көліктен 20 минут шамасында алып шығып, күтіп тұрған жедел жәрдем қызметіне тапсырды.


«Әр минут санаулы болды, өйткені, дәрігерлердің айтуынша, зардап шегушінің жағдайы барған сайын нашарлай берді. Оның екі аяғы бірдей көлік конструкциясына қысылып қалыпты, сынғанын кейін білдік. Владиславты жедел шығару үшін көп күш салу қажет болды. Кабинаның жоғарғы жағын толықтай кесіп алдық», - дейді кезекші құтқару бөлімшесінің жетекшісі Нұрболат Айсин.

СҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адамды жедел жәрдем қызметі Бескөлдегі аудандық ауруханаға жеткізді.

Мамандардың айтуынша, оның жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр.