СҚО-да екі мектепте күрделі жөндеу тек қазан айында аяқталмақ

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы мектептердің 33%-ында күрделі жөндеу нысан пайдалануға берілгеннен бері жүргізілмеген. 128 мектептің жылыту жүйесі талапқа сай емес, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ҚР Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің СҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті» ММ басшысы Алена Мальгаева Оқу-ағарту министрлігі 10-24 шілде аралығында өңірдің жалпы білім беретін мектептеріне жүргізген мониторингті қорытындылады.

Мониторинг нәтижесінде СҚО-дағы мектептердің 33% - ашылған сәттен бастап күрделі жөндеу көрмегені анықталды. 128 мектепте жылу жүйесін жөндеу қажет.

«Шілде айының соңында облыстағы 43 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тамыз айының басындағы жағдай бойынша Петропавлдағы №31 орта мектепте және Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Ломоносов орта мектебінде нысанды тапсыру бойынша мерзімнен артта қалу анықталды. Тайынша ауданының Донецк орта мектебінде және Айыртау ауданының Новосветлов орта мектебінде күрделі жөндеу тек қазан айында аяқталмақ. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары басқа мектептерде де жалғасқан», - дейді Алена Мальгаева.

Департамент басшысының айтуынша, өткен жылдардың тәжірибесі мен жөндеу жұмыстарының 1 қыркүйекке дейін аяқталмау қаупін ескере отырып, оқу процесінің бұзылуына жол бермеу және балалардың қауіпсіз болуын қамтамасыз ету бойынша барлық мектептерде іс-шаралар жоспары әзірленді.

«Бұл мониторинг өңірдің білім беру жүйесіндегі мәселелерді анықтауға және оларды жою бойынша тиісті ұсынымдар әзірлеуге, жергілікті атқарушы органдар мен қоғамның белсенді өкілдерін білім беру қызметтерінің сапасын арттыру жөніндегі проблемаларды бірлесіп шешуге тартуға мүмкіндік берді. Жүргізілген мониторинг нәтижелері Білім Министрлігінің кеңейтілген отырысында кеңінен талқыланды, оның қорытындысы бойынша жаңа оқу жылына негізгі міндеттер айқындалды», - дейді Алена Мальгаева.