СҚО-да екі жүк көлігі соқтығысты, зардап шеккендер бар

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында екі жүк көлігі соқтығысып, екі адам мерт болды, үшеуі жарақаттанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 28 ақпан күні сағат 12.00 шамасында Есіл ауданында болған. Мальцево елді мекенінің маңында тіркемелері бар «МАЗ» және «Shacman» жүк көліктері соқтығысқан. Салдарынан сол маңда жолды қардан тазартып жүрген «Петропавл жолдары» ЖШС жұмысшыларын басқан. Явленка елді мекенінің 68 және 48 жастағы екі тұрғыны сол жерде қаза тапты. Тағы үш адам түрлі жарақатпен аудандық ауруханаға жеткізілді.

Жол-көлік оқиғасына қатысты «Көлік құралдарын жүргізуші адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тиісті сараптама тағайындалды.