СҚО-да электр желілері 80 пайызға тозған

Фото: Қонаев әкімдігі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында биыл электр, жылу және сумен жабдықтау мәселелерін шешу бағытында 25 жоба жүзеге асырылмақ. 

СҚО әкімдігінде энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қатысты кеңейтілген алқа отырысы өтті. Былтыр атқарылған жұмыс қорытындыланды, биылға жоспар нақтыланды.

– Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы – тұрғындарымыздың өмір сүру сапасының негізі. Саланың дамыту үшін Мемлекет басшысы нақты міндеттер қойды. Былтыр саланы қаржыландыру 30%-ға артты. 

Жылыту жүйесі СҚО үшін стратегиялық маңызға ие. Биылғы жылыту маусымына дайындық аясында 12,6 км жылу желілері, 1 520 км электр желілері және 227 қосалқы станция жаңғыртылды. Бұл инженерлік инфрақұрылымның сенімділігін арттырып, жылыту кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз етті, - деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов. 

Былтыр елді мекендерді таза сумен қамтамасыз ету мақсатында 30 жоба жүзеге асып, ауыз су 140 ауылға, оның ішінде 88-іне алғаш рет жетті. 

Салада әлі де шешілмеген мәселелер бар. Облыста электар тарату желілері 23 мың км созылып жатыр. Оның 80%-ы тозған. 

– Президент 2030 жылға қарай желілердің тозуын орта есеппен 40% дейін төмендетуді тапсырды. Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту ұлттық жобасы аясында биыл жылыту бойынша - 5, электрмен жабдықтау бойынша - 13 және су және сумен жабдықтау бойынша 7 жоба іске асырылады. 2029 жылға дейін шамамен 3 мың км желі жаңартылады, - деді өңір басшысы. 

Бұған дейін СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасына жаңа басшы тағайындалғанын жазған едік.