СҚО-да элеватор аумағында өрт шығып, бір адам мерт болды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы Тимирязев ауданындағы элеватор аумағында өрт шығып, салдарынан бір адам иіс тиіп қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 7 маусым күні Тимирязев елді мекенінде болған. Өрт сөндіру қызметіне сағат 14.10 минут кеткенде Тимирязев элеваторы аумағындағы астық қабылдау пунктіндегі темір ұстасының бөлмесінде өрт шыққандығы жөнінде хабар түседі.

«Біздің мамандар өрт сөндіруге шыққан жоқ. Элеватор қызметкерлері жалынды байқай салысымен бірден өз күштерімен сөндірген. Бөлмедегі жартылай жанған төсек-орыннан 1990 жылы туған ер адамның денесі табылды. Ол иіс тиіп қаза тапқан. Мамандар оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Өрттің шығу себебі мен келген шығын мөлшері анықталатын болады», - дейді СҚО ТЖД бастығының орынбасары Нұрлан Атығаев.

Өрт алдын ала болжам бойынша, сөндірілмеген темекі тұқылынан шығуы мүмкін.