СҚО-да элеваторда ауыр жарақат алған жігіт жансақтау бөлімінде жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдағы элеваторда 18 жастағы жұмысшының аяғы техникаға түсіп, ауыр жарақат алды.

Фото: pexels

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, зардап шеккен жігіт кәсіпорынға 4 тамызда астық аппаратшысы болып орналасқан. «Шнек» станогының астындағы астықты жинап жатқан кезде оның сол аяғы станоктың қозғалмалы бөлігіне ілініп, соның салдарынан жарақат алған.

- Бұл факті бойынша департаментте комиссия құрылды, оқиғаның мән-жайы анықталатын болады. Тергеу Заңға сәйкес он жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Тек содан кейін ғана оның нәтижесі – себебі, пайыздық үлесі бойынша кінәлілер туралы ақпарат жарияланады, - деді департамент басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Әсел Абдуғалиева.

Маманның айтуынша, әсіресе көктем мен күзде осындай оқиғалар жиілейді. Оның бір себебі – жұмыс берушілер қауіпсіз еңбек жағдайын жасауды елеусіз қалдырады.

СҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жарақат алған жігіт Петропавлдағы көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының травматология пунктіне ауыр жағдайда жеткізілді. Ол сол жақ аяғындағы жарақат аймағының ауырсынуына және жалпы әлсіздікке шағымданған.

Қосымша тексеру жүргізілгеннен кейін науқас реанимация бөліміне жатқызылды. Жарақаттың ауырлығына байланысты шұғыл түрде операция жасалды.

Дәрігерлер пациентке жұмсақ тіндердің, қан тамырлары мен жүйкенің ауқымды зақымдануымен қатар жүретін сол жақ аяқтың ауыр жарақаты диагнозын қойды. Жарақат салдарынан аяқтың қанмен қамтамасыз етілуі күрт бұзылып, аяқ-қолдың жедел ишемиясы және III дәрежелі травмалық шок дамыған.

Қазіргі уақытта жігіттің жағдайы ауыр, бірақ тұрақты деп бағаланған. Медициналық бригада науқасқа қарқынды ем жүргізіп, сол жақ аяғын сақтап қалу үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр.

Бұған дейін СҚО Дубровное елді мекеніндегі элеваторда екі жұмысшы ауыр жарақат алғанын жазған едік.

Мамандардың айтуынша, екі қолынан жарақаттанған 39 жастағы жігіттің оң жақ қолына ампутация жасауға тура келді.