«AMANAT» партиясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы жанындағы өңірлік даму жөніндегі кеңестің отырысында «Инвестицияларға айырбастау тарифі» бағдарламасын іске асыру мәселесі талқыланды. Жиын барысында «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ бас директоры Анатолий Казановский еңбекақы төлеу қорын жаңа тарифтік бағдарлама аясында емес, өз бюджеті есебінен қалыптастыру тиімдірек екенін жеткізді.
«Біз еңбекақыны «Инвестицияларға айырбастау тарифі» бағдарламасы аясында көтердік. Әр кәсіпорынның бюджеті әр түрлі. Мәселен, «Солтүстік Қазақстан электржелістік тарату компаниясы» АҚ биылғы еңбекақы төлеу үшін жоспарланған бюджеті 2 млрд 100 млн теңге. Орташа еңбекақы 176 мың теңге. Қаражат жыл басында жоспарланған. Біз оның барлығын шамамен шілде айына дейін төлеп келдік. Ал «тарифтік» смета бойынша жыл басында 120 мың теңге болған, қазір 156 мың теңге. Яғни бюджетте нақты жоспарланған қаржыны төлеу үшін бізге «тариф» жеткіліксіз», - деді Анатолий Казановский.
Мамандардың айтуынша, еңбекақыны «Инвестицияларға айырбастау тарифі» бағдарламасы арқылы төлеу кәсіпорын үшін тиімсіз. Яғни, шығын болып саналады. «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ санауы бойынша өндірістік персоналдың орташа еңбекақысы кемінде 210 мың теңге болуы тиіс. Қазір кәсіпорында 2 мың маман еңбек етеді.
Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыстық департаментінің басшысы Дамир Тоқтамысовтың айтуынша «Инвестицияларға айырбастау тарифі» бағдарламасы бойынша еңбекақы төлеу қоры компания бюджетінің 6% құрауы тиіс. «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ үшін бұл қызметкерлердің еңбекақысын арттыруға жеткіліксіз. Осы мәселені шешу және инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету бойынша жұмыс 2 кезең бойынша жүргізілетін болады.
«Біз тарифті шілденің 1-інен бастап көтердік. Бұл - еңбекақыны және инвестициялық құрамдас бөлікті ұлғайтуға мүмкіндік берді. Енді 2024 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап еңбекақы мен қосымша инвестициялар деңгейі де қайта қаралатын болады. Жалпы, тариф деңгейі жыл сайын өзгереді. Біз оны жақсы білеміз. Сондықтан тұтынушылардың қалтасына салмақ түсірмеу қажет. Барлығы 3-4 жылда кезең-кезеңімен шешілетін болады», - деді Дамир Тоқтамысов.
2022 жылдың қорытындысы бойынша Петропавлда жылу желілерінің тозу деңгейі 74,6%, Жылу-электр орталығы жабдықтарының тозуы - 53,5%, сумен жабдықтау - 58%, су бұру - 61,7%, электр желілерінің тозуы - 81,7% құраған.