СҚО-да ер адам ауылдастарының 140 млн теңгесін алаяқтық жолмен қалтасына басқан
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының криминалдық полицейлері ауыл тұрғындарын ірі көлемде шығынға батырып, алаяқтық жасады деген күдікпен 30 жастағы ер адамды ұстады.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Тайынша ауданының тұрғыны алаяқтықтың 16 эпизоды бойынша күдікті деп танылған. Бұрын сотталмаған ер адам ауылдастарынан алаяқтық жолмен үлкен сомадағы ақшаны иемденген. Жалпы шығын мөлшері 140 млн теңгеге жуық.
Полицияға Тайынша ауданының тұрғындары арызданған. Айтуларынша, олардың ортақ танысы 2022 жылдың жазынан 2024 жылдың мамырына дейінгі аралықта несиеге ақша алдырып, оны алдап иемденген. Күдікті барлық жағдайда таныстарына өзін ауыл шаруашылығы саласында ірі бизнесі бар екенін айтып, әр түрлі сылтаулармен оның дамуына несие алып беруді сұраған. Адамдар оның айтқанына сеніп, банктердің мобильді қосымшалары арқылы несие алып берген, кейін сол ақшаны күдікті көрсеткен шотқа аударған. Бірақ уақыт өте келе ер адам ақшаны қайтармаған.
«Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері аудандық полиция бөліміндегі әріптестерімен бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде алаяқтық жасады деген күдікпен ер адам ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі уақытта алаяқтық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Бұл күдіктінің алаяқтықтың басқа ұқсас эпизодтарына қатысы бар болуы мүмкін», - дейді криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Мадияр Харипов.
Бұған дейін СҚО-да астық қабылдау орындары орақ науқанына дайындалып жатқанын жазған едік.