Петропавл қалалық көпбейінді жедел медициналық жәрдем ауруханасының мәліметінше, ер адам емдеу мекемесіне аралас жарақаттармен түскен.
Пациенттің айтуынша, ол аттың үстінен ауып кетіп, жанып жатқан алауға құлаған.
Дәрігерлер оның бұғанасының сынып, орнынан шығып кеткенін анықтады және сол жақ иығы мен алдыңғы кеуде жағы шамамен 2% күйген.
— Бастапқыда зардап шегушінің қолы жұмсақ Дезо таңғышымен таңылды, кейін травматологтар сүйек сынықтарын іштен бекітіп, ашық түрде репозиция операциясын жасады. Бүгінде ер адамның жағдайы тұрақты, жақсарып келеді, күйік жаралары үнемі өнделіп, стерильді таңғыштармен таңылады. Ол травматология бөлімшесінде мамандардың бақылауымен ем алып жатыр, — дейді аурухана мамандары.
Дәрігерлердің айтуынша, медициналық көмек уақытында көрсетілді. Нәтижесінде қолдың қызметі қалпына келтіріліп, күйік жарасының асқынуына жол берілмеді.
Бұған дейін СҚО-да сіріңкемен ойнаған 9 жасар бала бүтін үй-жайды өртеп жібере жаздағанын жазған едік.