Есіл бассейндік су инспекциясының мәліметінше, бұл жұмыстар Қазақстан Республикасының су саласын дамытудың 2024–2028 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жүзеге асырылады. Негізгі мақсат - қолданыстағы гидротехникалық нысандардың жағдайын жақсарту, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және елді мекендерді су тасқынынан қорғау.
СҚО-да барлығы 18 гидротехникалық құрылыс бар. Оның бесеуі республикалық, 12-сі коммуналдық, біреуі жеке меншікте.
Қазір екі ірі нысан бойынша - Талдысай өзеніндегі Жамбыл су көтеру бөгетін су қоймасымен бірге салу, сондай-ақ Уәлиханов ауданының Тілеусай ауылы маңындағы су көтеру бөгетін су қоймасымен бірге реконструкциялау жобалары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатыр.
Бұдан бөлек, бірқатар гидротехникалық нысанның нақты жағдайын бағалау үшін көп факторлы зерттеулер жүргізіле бастады. Олардың қатарында Ленинградское және Көбенсай ауылдары маңындағы су көтеру бөгеттері, Есіл ауылы маңындағы тіреуіш-реттеуші бөгет, сондай-ақ «Омутки» және «Горькое» жинақтаушы тоғандарының қоршау бөгеттері бар.
Былтырдан бері облыста алты қорғаныш бөгетін салу және реконструкциялау, сондай-ақ бір жағалауды бекіту жобасы іске асырыла бастады. Биыл олардың төртеуін пайдалануға беру және кейін «Қызылжар су қоймалары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің балансына өткізу жоспарланған.
Бұдан бөлек СҚО үшін маңызды жобалардың бірі - Петропавл гидроторабынан бастап Есіл өзенінің 32 шақырымдық бөлігін тереңдету және тазарту.
Жоба су тасқыны қаупі бар учаскелерді санациялау жөніндегі жол картасы аясында әзірленді. Құжат мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң қорытынды алған. Жобаны жүзеге асыруға 32,8 млрд теңге жұмсалмақ. Бұл жұмыс өзен арнасының өткізу қабілетін арттыруға және су тасқыны кезінде судың кедергісіз өтуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар, Соколовка ауылы маңында Есіл өзенінің ұзындығы 870 метр учаскесінде арнаны түзету жұмыстары жүргізілді. Новоникольское ауылы маңында өзен жағалауы бекітілді. Ал Петропавлдағы Жеңіс саябағы аумағында нөсер кәрізін салу жұмыстары қолға алынған.
Бұған дейін Петропавлда Есіл өзенінің жағалауын нығайту жұмысы басталғанын жазған едік.