СҚО-да газ тасымалдаушы көлік жарылып, 8 адам күйік алды
АСТАНА. KAZINFORM — 25 маусымда Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы Ильичевка ауылындағы «Тайынша май» ЖШС аумағында сұйытылған газды тасымалдаған автокөлік өртенген, деп хабарлайды СҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Алдын ала ақпарат бойынша жанармай құю кезінде газгольдердің шлангісі үзіліп, газ тасығыш машина, кейінен жерасты резервуар тіреуіш арматурасы жанды.
Оқиға орнына Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД күштері мен құралдары, сондай-ақ Ақмола облысынан құтқарушылар жедел келді. Күш-жігерді үйлестіру үшін өңіраралық өзара іс-қимыл жоспары іске қосылды.
— Оқиға салдарынан 8 адам түрлі дәрежедегі күйік алып, Көкшетау қаласының облыстық ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлердің қарауынан кейін бір адам үйіне жіберілді. Құтқарушылардың жедел, үйлесімді және кәсіби іс-қимылдарының арқасында 50 ш. м. алаңда өрт сағат 20.57-де толығымен сөндірілді, — делінген хабарламада.
Өртті сөндіруге жеке құрамнан 80 адам және 20 техника, оның ішінде Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының ТЖД, сондай-ақ Тайынша аудандық шаруашылық жүргізу объектілерінің өрт сөндіру бекеттері мен мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет бөлімшелері жұмылдырылды.
Өрттің себептері анықталып жатыр. Оқиға фактісі бойынша СҚО ТЖД сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Бұдан бұрын Атырауда қамыс өртінен ауаның ластануына қатысты тексеріс басталғанын жаздық.