Аудан әкімінің орынбасары Айдын Қазжановтың айтуынша, ауылдағы 18 үйдің төртеуі жөнделген. Үйлер енді жылу жүйесіне қосылмақ.
«Жылу қазандығының құрылыс жобасы 2017 жылы басталған. Мамырда іске қосамыз», - деді А.Қазжанов.
Облыс әкімі жыл сайын бір үйді пайдалануға беру жөнінде тапсырма берді.
«Жыл сайын бір үйді тұрғындар игілігіне тапсырамыз. Зерттеу жүргіздік, әзірге 9 қабатты үйлерге тиіспейміз, оның лифтілерін қалпына келтіру керек. Тек бес қабатты тұрғын үйлерді қалпына келтіреміз», - деді Құмар Ақсақалов.
Саумалкөлдегі көпқабатты тұрғын үйлер орналасқан шағынаудан 90-шы жылдары уран өндіруші кеншілерге арнап салыныпты. Тоқырау жылдары жаңа үйлер жылусыз қалып, тұрғындар жан-жаққа көшіп кеткен.
Көпқабатты құрылыстар ұзақ жылдар бойы қаңғыбастардың мекені мен қылмыс орынына айналған.
Енді 20 жылдан кейін қараусыз қалған баспаналар иелерін табады.