СҚО-да интернет алаяқтар тұрғындарға 618 млн теңге шығын келтірді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында интернет алаяқтық фактілері азайғанымен, материалдық шығын көлемі әлі де жоғары.

Фото: ІІМ

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл бес ай ішінде 247 интернет алаяқтық дерегі тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8% төмен. Алайда тұрғындар жалпы сомасы 618 млн теңгеден астам қаржы жоғалтқан.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, алаяқтар коммуналдық қызмет, байланыс компаниялары, емханалар мен пошта қызметкерлерінің атын жамылып әрекет етуді жиілеткен. Олар тұрғындарға қоңырау шалып, электр немесе газ есептегішін ауыстыру қажет екенін айтады. Кей жағдайда өздерін байланыс операторларының немесе домофон компанияларының қызметкері ретінде таныстырып, келісімшартты ұзарту немесе кілттерді жаңарту қажеттігін хабарлайды. Алаяқтар емхана қызметкерлері болып хабарласып, скринингтен өту, қан тапсыру немесе медициналық тексеруден өту қажет екенін айтады. Сондай-ақ жалған пошта қызметкерлері сәлемдеме немесе ақша аударымы келгенін хабарлап, SMS арқылы келген төрт таңбалы кодты сұратады.

Бұдан бөлек, интернет арқылы тауар сатып алу және сату кезінде алдау, жоғары табыс уәде ететін жалған инвестициялық жобалар, әлеуметтік желілердегі аккаунттарды бұзу және фишингтік сайттар арқылы деректерді ұрлау фактілері де жиі кездеседі.

Полиция тұрғындарға ешкімге SMS-кодтарды, банк картасының деректерін және құпиясөздерді бермеуге кеңес береді. Сондай-ақ бейтаныс адамдардың нұсқауымен ақша аудармау, күмәнді сілтемелерге өтпеу және тексерілмеген қосымшаларды жүктемеу қажеттігін ескертеді.

СҚО-да әр айдың 15-і халықтың қаржылық сауаттылығы және бірыңғай профилактика күні болып жарияланған. Осы күні барлық мемлекеттік органдар мен мекемелерде тұрғындардың қаржылық және цифрлық қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған профилактикалық іс-шаралар өткізіледі.

Бұған дейін СҚО-да 30-дан астам интернет алаяқтыққа қатысы бар бес «дроповод» сотталғанын жазған едік.