СҚО-да интернет алаяқтардың жаңа тәсілінен 13 адам зардап шекті

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM - Солтүстік Қазақстан облысында интернет алаяқтар IT-компаниялардың атын жамылып, «антивирустық бағдарлама» орнатамыз деп, тұрғындарды алдап жатыр.

Фото: СҚО ПД

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, шын мәнінде, жәбірленуші алаяқтардың айтуымен телефонына қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін қосымшаны орнатады. Салдарынан қылмыскерлер адамның телефонын толық бақылап, барлық шоттарындағы қаражатты иемденеді. 

Жыл басынан бері облыстың 13 тұрғыны алаяқтардың осы жаңа схемасына сеніп қалған. Келтірілген шығын мөлшері 560 мыңнан 2 млн теңгеге дейін жеткен.

Фото: СҚО ПД

Осыған орай полицейлер қазір киберқылмыстың тәсілдері туралы тұрғындарды ескерту мақсатында еңбек ұжымдарымен профилактикалық кездесулер өткізіп жатыр. Тәртіп сақшылары бейтаныс дереккөздерден қосымша орнатуға болмайтынын ескертеді. Алаяқтар «несиені тез қайта қаржыландырып, жоюға көмектесетін бағдарлама» секілді түрлі жалған уәделер беруі мүмкін. Салдарынан адам өз телефонына «AnyDesk», «TeamViewer», «HopToDesk», «AirDroidControl» немесе басқа да қашықтан қол жеткізуге арналған қосымшаларды орнатып, жинаған қаражатынан айырылып қалады.

Фото: СҚО ПД

Жалпы, жыл басынан бері СҚО-да интернет алаяқтықтың 214 фактісі тіркелді.

Бұған дейін Қарағанды облысында интернет-алаяқтықтың 335 фактісі тіркелгенін жазған едік.