СҚО-да интернет алаяқтық 23 пайызға төмендеді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында дропперлікке байланысты 200-ге жуық қылмыстық іс тіркелді.

Фото: Kazinform

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, интернет алаяқтықтың әрбір дерегінде бірнеше дропперден тұратын тізбек бар. Олар жәбірленушілердің ақшасын банк карталары арқылы қылмыскерлерге елден шығару үшін пайдаланатын адамдар. Жекелеген эпизодтарда мұндай тізбектегі дроппердің саны 15 адамға дейін жетеді.

Дропперлікке кәмелеттік жасқа толмағандарды да тартып жатады. Мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында полицейлер бірыңғай профилактика күні аясында ауқымды акция өткізді. Полиция бөлімшелерінің қызметкерлері прокуратура өкілдерімен және қала әкімдігінің Жастар ресурстық орталығының волонтерлерімен бірлесіп, оқушылармен кездесу өткізу үшін мектептер мен колледждерге барды. Олар балаларға жадынамалар таратып, «оңай ақшаның» қандай қауіп төндіретінін түсіндірді.

— Кейбір жоғары сынып оқушылары мен студенттер дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін білмейді екен. Біреуге сыйақы үшін банк карталарын рәсімдеу, өз шоттары арқылы басқа адамға белгілі бір соманы пайызға аудару қылмыс болуы мүмкін. Заңда мұндай әрекеттер үшін ірі мөлшердегі айыппұлдан бастап 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сонымен қатар заңда белгіленген негіздер болған жағдайда азаматтық сот дропперді алаяқтықтан жәбірленушіге келтірілген залалды өтеуге міндеттей алады, — дейді полиция қызметкерлері.

СҚО-да әр айдың 15-і — бірыңғай профилактика күні. Осыған орай барлық мүдделі мемлекеттік органдар халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға және интернет-алаяқтықтың алдын алуға бағытталған ауқымды іс-шараларға қатысады. 8 айдың қорытындысы бойынша облыста интернет алаяқтық қылмысы 23% төмендеді.

Бұған дейін интернет алаяқтардан қалай қорғануға болатынын жазған едік.