СҚО-да инвесторлардың құқығын бұзғандар жазаланды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы инвесторларға қатысты шектеу шаралары бар 75 материалды қарап, негізсіз қысым жасау әрекеттерінің жолын кесті.
СҚО прокуратурасының мәліметінше, өңірде инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Соның бірі «прокурорлық сүзгі» тетігі. Бұл бастаманың мақсаты — бақылаушы және құқық қорғау органдары тарапынан бизнеске, соның ішінде инвесторларға қысымның жасалуына жол бермеу.
Прокурорлар облыс бойынша инвесторларға қатысты шектеу шаралары бар 75 материалды қарап шықты. Нәтижесінде, 10 жағдайда инвесторлардың әкімшілік жауапкершілікке негізсіз тартылғаны анықталып, бұл шешімдер күшін жойды. Сонымен қатар, заңсыз жүргізілген екі тексеру фактісі де тоқтатылды.
Одан бөлек, «Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі» ақпараттық жүйесінің мониторингі барысында прокурорлардың келісімінсіз 5 инвесторға қатысты әкімшілік іс қозғау туралы 22 заң бұзушылық дерегі тіркелді. Оған мемлекеттік кірістер және полиция органдарының лауазымды тұлғалары жол берген.
Анықталған заңсыздықтардың барлығына қатысты прокуратура шара қолданып, заңсыз қаулылардың күшін жойды, әкімшілік істер тоқтатылды. Заңсыздықтарға жол бергені үшін 4 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде Аққайың ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы да бар.
Бұған дейін СҚО-да мүгедектігі бар тұлғаларға заңсыз салық салынғанын жазған едік.