СҚО-да қандастар іргесін қалаған ерекше ауыл бар — фоторепортаж

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында халық саны артқандықтан мектебі тарлық ете бастаған ауылдар да бар. Соның бірі — Бәйтерек елді мекені.

Бұл ауыл Бәйтерек атына сай өсіп-өркендеп келеді. Күре жолдың бойында орналасқан әрі облыс орталығы да тиіп тұр.

Табиғаты да көркем, ерке Есілдің жағасында орналасқан. Қазір ауылда, орта мектеп, полиция пункті, әкімдік, мешіт пен дәрігерлік амбулатория жұмыс істеп тұр. Бірнеше дүкен, дәмхана бар.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Ауылдың тағы бір ерекшелігі — халқы. Ауыл әкімі Нұрсұлтан Хуатовтың айтуынша, мұнда Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Ресей, Украина сияқты елдерден көшкен қандастар және еліміздің оңтүстігі мен батысынан қоныс аударған отбасылар тұрып жатыр. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Үш жыл бұрын 400-ден аса шаңырақ болса, қазір саны 550-ден асады. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

— Ауылда 3224 тұрғынымыз бар. Оның 500-ден астамы зейнеткер және 600-дейі — оқушы. Халықтың 85% — қазақтар. Елді мекен дамып келеді. Тұрғындар еңбекқор, жеке кәсіпкерлік ашқандар көп. Қалада, көрші ауылдағы кәсіпорындарда қатынап жұмыс істейді. Өзімізде де құрамажем зауыты салынып жатыр. Келесі жылы жаңадан 50 шақты жұмыс орны құрылмақ, — дейді Нұрсұлтан Хуатов.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Еңбекқор жандарға солтүстіктің қара суығы түк емес. Үй маңындағы жылыжай енді сәуір айына дейін жұмыс істеп, өңір тұрғындарын қыста қат көк жуамен қамтамасыз етпек.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Жарқынай Қошбаева өсімдіктерді суарып, жылыжайдағы температураның қалыпты тұруын қадағалайды. Отбасылық бизнесте әрқайсының өз міндеті бар.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Мәселен інісі Нұржан дайын өнімді Петропавлдағы базарлардың бірінде сатады. Биыл Қошбаевтар әулетінің атамекенге оралғанына — 15 жыл.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

— Жазда көкөністің оншақты түрін егеміз. Қыста тек пиязбен ғана айналысамыз. Келгенімізге налымаймыз. Еңбектенсең болады, еңбектеніп, күнімізді көріп жатырмыз. Өзбекстанда да көкөніс ектік. Келген кезде пеш жаға алмай қиналғанымыз бар, қазір бәріне үйрендік, — дейді Жарқынай Қошбаева.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Қалдықыз Сафарбаева да — Өзбекстанның тумасы. Бұған дейін жылыжайда жұмыс істеген ол биыл 200 бас қаз алып, жаз бойы күтіп-бақты.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Енді ақырындап өнімді өткізіп, жемісін көріп жатыр. Жаңа қонысқа үйренгенімен, алыстағы ағайынын сағынады. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

— Қай істің болмасын өз қиындығы болады ғой. Балапан кезінен асырайсың бұларды, шөп табуың керек, сатып аласың, дәрумендер қажет. Күні бойы бағу керек, — дейді Қалдықыз Сафарбаева. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Бастапқыда ауыл балалары аудан орталығына автобуспен қатынап оқыды.

2016 жылы Бәйтеректе 350 орынға шақталған жаңа мектеп қолданысқа берілді. Қазір бұл ғимаратта 90 балаға арналған шағын орталық та жұмыс істеп тұр.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

— Біздің мектеп басқаларынан ерекшеленіп тұрады. Себебі әртүрлі ұлттардың үрдісі, мәдениеті болсын, тілі, әдет-ғұрпы болсын сол бізге жақынырақ таныс. Себебі шетте туып өскен қазақ бауырларымыздан соны байқап, көреміз, — дейді мектеп директоры Шамшухан Шаймерденов. 

Орта мектепте сабақ екі ауысымда өтеді. Бала көп, әрі ғимараттағы жеті кабинет шағын орталыққа берілген. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

— 2012 жылы отбасыммен Өзбекстаннан «Нұрлы көш» бағдарламасы арқылы қоныс аудардым. Үй берді, мектепке жұмысқа алды. Одан басқа өзбек этно-мәдени орталығымыз бар «Дустлик» деген. Соның төрағасымын. Өйткені Өзбекстаннан келген отбасылар көп, қазір мектепте 360 бала болса, соның шамамен 60% Өзбекстаннан келген. Бұрын мектепте арнайы кабинетіміз болатын, қазір кабинет жетпей жабылып қалды, — дейді Баян Қалдыбекова. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Ауылда мәдениет үйі де жоқ. Қазір елді мекенде облыстық қазына есебіне екі пәтерлі жеті үйдің құрылысы жүріп жатыр.

Жаңа баспананың алды көпбалалы отбасыларға беріле бастаған. Халық саны көбейіп келеді. 

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform

Естеріңізге салайық, бұған дейін елімізде ауылдардың саны бір жылда 149-ға азайғанын жазған едік.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform
Фото: Ақерке Дәуренбекқызы / Kazinform