СҚО-да қандай мамандарға сұраныс жоғары
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында 5,5 мыңнан астам жұмыссыз ретінде есепке алынған. Соған қарамастан, бүгінгі күні 2149 жұмыс орны бос тұр.
СҚО Еңбек ұтқырлығы орталығының мәліметінше, өткен жылдың 1 шілдесінен бастап 7 666 адам субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілген. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындары, «Жастар тәжірибесі», «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас» жобалары бар. Тек қоғамдық жұмыстарға ғана 5 329 адам тартылған.
«Мәселен, қазір жастар оқу орнын бітіріп, қолдарына диплом алып жатыр. Өздігінен жұмыс таба алмаған жағдайда оларға көмектесе аламыз.
«Жастар практикасына» оқу аяқтағанына 5 жылдан аспаған, жұмыссыз ретінде тіркелген, 35 жастан аспаған қыз-жігіттер жіберіледі.
«Жастар практикасының» ұзақтығы 12 айдан аспайды, айлық еңбекақысы кемінде 30 айлық есептік көрсеткішті – 110 мың теңгені құрайды. Бұл бағдарлама бойынша жұмысқа орналасу үшін біріншіден, білімі туралы диплом болуы қажет, жұмыссыз ретінде тіркелу үшін Мансап орталығына жүгініп немесе Enbek.kz порталында тіркеуден өту керек. Осыдан кейін бос орындарға жолдама беріледі», - дейді СҚО Еңбек ұтқырлығы орталығының басшысы Аман Төрегелдин.
Қазіргі уақыттаСҚО бойынша 2149 бос жұмыс орны бар.
«Бір кездері еңбек нарығында қаржыгерлер, экономистер, заңгерлер көбейіп кетіп, оларға сұраныс азайса, қазір керісінше, осы мамандар жетіспейді. Сондай-ақ өңірде іс жүргізушілердің, көлік жүргізушілердің, инженерлердің орны бос, жұмысшыларға да сұраныс жоғары», - дейді Аман Төрегелдин.
Биыл СҚО бойынша 5524 адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Оның ішінде 1204 адам жұмысынан айырылғандығы бойынша жәрдемақы алады. Жалпы өңірдегі жұмыссыздардың орташа жасы – 45-те.
Бұған дейін СҚО-да егін егу науқаны аяқталғанын жазған едік.