СҚО-да қаңғыбастар арасынан қылмыскерлер анықталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлері тұрақты мекенжайы жоқ адамдарды тексеру барысында Ресейде іздеуге жарияланған қылмыскерді ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі СҚО ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тәртіп сақшылары жертөлелерді, кәріз люктарын, бос қалған ғимараттар мен шатырларды қарап, үйсіздерді тексерген. Тексеріс жұмыстарының алғашқы күні құқық қорғау бөлімшелеріне 133 үйсіз адам жеткізілген. Олардың барлығынан саусақ таңбалары алынып, есепке тіркелген.

«Тұрақты мекені жоқ адамдардың арасында қашып жүрген үш қылмыскер ұсталды. Нақтырақ айтқанда, Уәлихан ауданында Ресейдің Омбы қаласының полицейлері көлік ұрлағаны үшін іздеп жүрген 26 жастағы жігіт ұсталды. Қазір ол уақытша оқшаулағышқа қамалды. Жуық арада экстрадицияланады», - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.

Іздеуде жүрген тағы бір адам ұрлығы үшін құқық қорғаушылардан қашып жүрген. Сондай-ақ үйсіздер арасынан бұрын жоғалып кетті деген 4 адамның анықталғаны белгілі болды.