Дегенмен шаруашылық қант қызылшасын егіп, көктемгі дала жұмыстарына кірісіп кетті. Таңат Бекназаров - қант қызылшасын 90-жылдары егіп, астық алған агрономдардың бірі. Содан бері Солтүстік Қазақстан облысында тәтті түбір себілген жоқ. Енді оны осы шаруашылық қолға алып, тағы да тыңнан түрен салды.
«Былтыр бірінші рет егіп көрдік. Жақсы өнім алдық. Бір гектардан 50 тоннаға дейін алдық. Биыл 400 гектар ектік, 8-9 сұрып әкелдік», - дейді бас агроном Таңат Бекназаров.
Қант қызылшасын жылда бір жерге егуге болмайды. Биыл шаруашылық 400 гектарды тыңайтып, 30 млн теңге салды. Енді тұқым себуге кірісті. Шаруашылық қант қызылшасын бірінші рет былтыр егіп, 12 жарым мың тонна өнім жинады. Алайда оны өңдей алмай, Башқұртстанға сатып жіберді. Қазір қаржы қолбайлау болып, қант зауытының құрылысы тоқтап тұр. Индустрияландыру картасына енген жобаның құны - 4 млрд теңге. Зауыттың қазығы қағылып, қабырғасы қаланды. Енді қаржы қат. Шаруа несие алайын десе, кепілге қоятын мүлкі жетпей тұр.
«Бірінші жоспар бойынша біз 2016 жылы ашамыз деп үміттендік. Бірақ былтыр да несие ала алмадық. Өз қаржымызға салсақ, созылып кетейін деп тұр. Қазір 2 банкке өтініш бердік», - дейді серіктестік директорының орынбасары Бақыт Рашитов.
Айта кетерлігі, Қазақстанда 4 қант зауыты бар. Олар оңтүстік облыстарда орналасқан. «Сондықтан жоба жүзеге асса, Солтүстік Қазақстан қантпен толық қамтамасыз етіледі», - дейді шаруа.