СҚО-да қаңтар айында 740 шетелдік тіркелді

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысына қаңтарда 740 шетелдік келіп, тіркеуден өткен. Олардың 612-сі Ресей азаматы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қаңтар айында өңірде 740 шетелдік тіркелген, оның 612-сі Ресей азаматы. Ресейліктердің 446-сы облысқа келуінің негізгі мақсаты ретінде жұмысқа орналасуды көрсеткен.

Биыл 27 қаңтарда ҚР көші-қон заңнамасына өзгерістер енгізілді. Алайда көпшілік одан бейхабар. Көші-қон қызметінің қызметкерлері шетелдік азаматтардың елде болу ережелеріндегі жаңалықтарды түсіндіре отырып, ақпараттық жұмыс жүргізеді.


«Қазақстанға визасыз кіруге рұқсат етілген басқа мемлекеттердің азаматтары біздің елімізде 30 күнге дейін мерзімде бола алады. Екі рет олар «визаран» деп аталатын тәжірибені қолдана алады, бұл елден қысқа мерзімді шығу тәжірибесі, ол болу мерзімін ресми түрде жаңарту үшін қажет. Бұрын мұндай сапарлардың саны шектелмеген еді. Енді 180 күн ішінде ҚР-да болудың жиынтық мерзімі 90 күннен аспауы тиіс. Еуроодақ елдерінің азаматтары Қазақстанда 90 күн үздіксіз бола алады. Осыдан кейін республика қонақтары кем дегенде келесі 90 күнге кетуі керек. Содан кейін ғана қайта келуге болады. Бұл шектеулер ҚР-да болу кезеңінде уақытша тұруға рұқсат немесе виза ресімдеген шетелдіктерге қолданылмайды», - дейді СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Талғат Әбілов.

Маманның айтуынша, жаңа ережелер ҚР Көші-қон заңнамасын көптеген мемлекеттердің, соның ішінде ТМД құрамына кіретін мемлекеттердің нормаларына сәйкестендірді.