Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Қазгидромет» РМК Солтүстік Қазақстан филиалы директорының орынбасары Наталья Левинаның айтуынша, биылғы қыс климаттық нормаға сәйкес болмақ. Мәселен қараша айында ауаның орташа температурасы -6-8 градус шамасында күтілуде. Алғашқы онкүндік жылы болмақ, түнде 2-ден -13 градусқа дейін түссе, күндіз 2 мен 10 аралығында болмақ. Екінші онкүндікте күн суытып, түнде -25, күндіз -13 градусқа дейін сынап бағанасы төмендейді. Үшінші онкүндікте аяздың беті қайтып, өңірдің шығысында ауа температурасы 3 градусқа дейін жылынуы мүмкін. Жауын-шашын айдың басы мен ортасында жауып, қарашаның соңына дейін тұман мен көктайғақ болады деп күтілуде.
«Желтоқсан айында боранды күндер көп болады. Орташа ауа температурасы -12-14 шамасында, бұл – нормаға сәйкес. Алғашқы онкүндік айтарлықтай жылы, күндіз – 0 мен -5 градус аралығында болса, екінші онкүндікте -15-ке дейін суытады. Түнде сынап бағанасы -25 градусқа дейін төмендемек. Ал үшінші онкүндікте күндіз -20-25 градус, түнде -35 градусқа дейін аяз болады», - дейді Наталья Левина.
Солтүстік өңірде қаңтар – қыстың қаһарына мінетін уақыты. Синоптиктің айтуынша, биыл да қаңтар айы аязды болмақшы.
«Ауа райына Моңғол (Сібір) антициклоны әсер етеді. Түнде сынап бағанасы -35-40 градусқа дейін төмендейді. Айдың орташа ауа температурасы нормаға сәйкес -17-20 градус шамасында болады. Жауын-шашында әдеттегідей – 14-23 мм жауады. Антициклонның салдарынан қалың қар жауып, боран тұрады. Ақпан айы қаңтарға ұқсас. Ауа температурасы орташа 14-16 градус шамасында болмақ», - дейді Наталья Левина.
Наурыз – көктем айы болғанымен, Солтүстік Қазақстанда әлі де қыс жалғасады.
«Болжам бойынша жылдағыдан -1,-2 градусқа суық болады, норма -7 мен -9 аралығында. Ауа райы құбылмалы. Кей жерлерде мөлшерден артық қар жауады. Екінші онкүндікте де боран тұрады. Ай бойы көктайғақ болып, қар аралас жаңбыр жауады», - дейді «Қазгидромет» РМК Солтүстік Қазақстан филиалы директорының орынбасары Наталья Левина.