СҚО-да картоп пен қиярдың бағасы түсер емес
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында шілдеде инфляция жылдық есептеумен алғанда 9% құрады. Өткен жылмен салыстырғанда, азық-түлік тауарлары – 6%, азық-түлік емес тауарлар – 7, ақылы қызметтер – 14% өсті.
Ұлттық статистика бюросы СҚО бойынша департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылдың шілдесінен осы шілдеге дейін жас жемістер – 23%, жаңа ауланған немесе салқындатылған балық – 12, тоқаш және ұннан дайындалған кондитер өнімдері 7% қымбаттаған. Жармалар керісінше, 24% арзандаса, күріш бағасы аспандап, 29% қымбаттады. Бағалар темекі өнімдеріне – 21%, алкогольді ішімдіктерге – 13, алкогольсіз сусындарға 7% өскен. Жас көкөністерге бағалар 4% өсті, соның ішінде қиярға – 35, картопқа – 28, сәбізге – 17, қызылша 1% қымбаттады, қант 4% арзандады.
Бір жыл ішінде жеке тұтыну бұйымдары, приборлар және тауарлар – 14%, фармацевтикалық өнімдер – 9, киім және аяқ киім 9% қымбаттады. Сұйытылған газ құны 9% өссе, мотор майы енді 12% қымбатқа сатылып жатыр. Жуу және тазалау құралдарына бағалар 4% төмендеген.
Байланыс қызметтерінің бағалары 6% өсті, оның ішінен ұялы байланыс қызметтерінің тарифі 22% қымбаттаған. Демалыс, ойын-сауық және мәдениет саласындағы қызметтер құны – 10%, қоғамдық тамақтандыру қызметтері 12% өсті. Шаштараз және жеке қызмет көрсету мекемелері қызметтерінің құнын 18% арттырды.
Бұған дейін СҚО-да «жасыл елдіктердің» қатарына 860 жас алынып, олардың тазалық акцияларына атсалысып жатқанын жазған едік.