СҚО-да кәсіпкерді атып өлтірген жігіт 11 жылға сотталды

Фото: Астана қаласының әкімдігі

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында адам өліміне әкелген ауыр қылмыс бойынша сот үкімі жарияланды. Іс алқабилердің қатысуымен қаралды.

Оқиға былтыр 31 қазанда Тимирязев ауданындағы Докучаево ауылында болды. Сот материалдарына сәйкес, 22 жастағы Вадим Орлов мас күйде алдымен танысына жеңіл дене жарақатын салып, кейін қарумен қорқытып, бірнеше рет оқ атқан.

Сол күні кешке Орлов жалақыны талап ету мақсатында тағы бір жергілікті тұрғын – «БурБат» ЖШС директоры А.Батановтың үйіне барған. Үйден қарумен шыққан Батанов ескерту ретінде жоғарыға оқ атқан. Орлов көп ойланбастан мылтықта қалған жалғыз оқпен фермерді ішінен атқан. Кейін ол қансырап жатқан ер адамның қаруын алып, басынан атқан. Жәбірленуші алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.

Сотта Орловпен бірге 39 жастағы Виктор Торгашев те жауап берді. Ол сол күні Орловпен бірге жүріп, кейін қылмыс құралын жасырып, полицияға хабарламаған.

Соттың үкімімен Вадим Орлов ҚР ҚК-нің 108-1-бабы 1-бөлігі (денсаулыққа жеңіл зиян келтіру), 115-бабы (қорқыту) және 99-бабы 1-бөлігі (адам өлтіру) бойынша кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Виктор Торгашев ҚР ҚК-нің 432-бабы (қылмысты жасырып қалу) бойынша кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Сот жәбірленуші тараптың азаматтық талаптарын ішінара қанағаттандырып, Орловтан марқұмның туыстарының әрқайсысына 2,5 млн теңгеден моральдық зиян, сондай-ақ материалдық шығындар мен сот шығындарын өндіруді міндеттеді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Естеріңізге салайық, СҚО-да 22 жастағы жігіт кәсіпкерді атып өлтірді деген күдікке ілінгенін жазған едік.