СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, берешектің негізгі бөлігі қосылған құн салығы мен корпоративтік табыс салығына тиесілі. Атап айтқанда, ҚҚС бойынша қарыз 3,37 млрд теңге болса, корпоративтік табыс салығы бойынша берешек 1,3 млрд теңгеге жеткен.
Салық берешегінің мөлшері бойынша «Тайынша-Астық» ЖШС бірінші орында тұр, оның бюджетке қарызы 1 млрд 90 млн теңгеден асқан. «Агрофирма Кзылту — НАН» ЖШС-нің берешегі 918 млн теңге шамасында, «Вишневское» ЖШС-гі 343 млн теңге қарыз.
— ҚР Салық кодексінің 5-тарауының 4-параграфына сәйкес салық органдары борышкерлерге заңнамада көзделген мәжбүрлеп өндіріп алудың барлық шаралары мен тәсілдерін қолданды. Қазіргі уақытта оларды банкрот деп тану туралы талап қою арыздар берілді, алайда соттар тарапынан оларды банкрот деп тану туралы шешімдер қабылданған жоқ, — дейді департамент басшысының орынбасары Саян Мейрамов.
Мамандардың айтуынша, жыл басынан бері салық берешегін өндіріп алу нәтижесінде бюджетке 1,7 млрд теңге түсті.
СҚО-да өтелуі екіталай салық берешегінің көлемі 547,1 млн теңгеге жетті.
Бұған дейін елімізде қанша салық төлеуші бар екенін жазған едік.