СҚО-да қатты жел мен көктайғаққа байланысты ескерту жарияланды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында республикалық маңызы бар жолдың бірнеше учаскесі жабылып, полицейлер тұрғындарды ескертіп жатыр.

Фото: Агибай Аяпбергенов / Kazinform

Ауа райының нашарлауына, екпінді жел және көктайғаққа байланысты республикалық «Петропавл-Жезқазған» автожолында жеті учаскеде көлік қозғалысына шектеу қойылды. 

— Ауа райының күрт нашарлауына байланысты елді мекендерден алысқа ұзап шықпауларыңызды, жолда ара қашықтықты қатаң сақтауды және жылдамдықты асырмай, жолдарда өте сақ болуды сұраймыз, — дейді СҚО ПД патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Сабыржан Оспанов.

 
Тәртіп сақшылары жолға шығарда ауа райы болжамы мен SMS хабарламаларға назар аударып, мән беру қажеттігін ескертеді.

«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, қолайсыз ауа райы 18 наурызға дейін сақталады

Облыс аумағына оңтүстік-батыс циклоны әсер еткен. Синоптиктер 14 наурызға ескерту жариялады. Бұл күні қар аралас жаңбыр жауып, бұрқасын және көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 15-20 метрге жетпек. Кей жерлерде 28 м/с болады деп болжанған. 

Бұған дейін күннің күрт жылынуына байланысты Петропавл көшелерінен қар екі ауысыммен шығарылып жатқанын жазған едік.