СҚО білім басқармасының жетекшісі Гүлмира Кәрімова брифингке қатысып, коронавирус инфекциясы бойынша жағдайдың тұрақтануына байланысты білім беру процесіне енгізіліп отырған өзгерістер жайында айтты.
«Бұл өзгерістер 2 наурыздан бастап енгізіледі. Ертеңнен бастап 1-5 сынып аралығындағы оқушылар бұрынғыдай кезекші сыныптарда ғана емес, толық оқиды. Ата-аналардың өтініші бойынша бала немесе ата-ана, жақын туыстарының бірі ауырған жағдайда оқушыны қашықтан оқуға көшіруге болады. Жалпы мектептердің жұмысы біртіндеп қалпына келіп жатыр. Оқушылар саны 30 % аспауы қажет. Қажет болған жағдайда екі ауысымда оқитын болады», - деді Гүлмира Кәрімова.
300-ге дейін оқушысы бар қала және ауыл мектептері және мектеп бітіретін 9 және 11-сынып оқушылары бұрынғысынша дәстүрлі форматта оқи береді.
Олар үшін пәндердің 70 %-ы штаттық режимде, қалғаны қашықтан оқытылады.
Сыныптағы бала саны 15-тен аспауы керек.
«Сондай-ақ арнайы мамандандырылған мектептерге дәстүрлі форматта оқуға рұқсат берілді. Санитарлық талаптар қатаң сақталуы қажет. Балалардың мектеп формасына келетін болсақ – олар ыңғайлы, классикалық стилде киінулері қажет. Ал 6,7,8,10-сынып оқушылары сабақты қашықтан оқуды жалғастырады», - деді басқарма жетекшісі.