СҚО-да қай жерде балық аулауға болады – балықшы кеңесі
- Александр, балық аулаумен қашаннан айналысасыз?
- Әркім бос уақытын барынша хоббиіне арнағысы келеді ғой. Мен жеке кәсіпкермін. Сол себепті аптаның кез-келген күні балық аулауға шығып кете аламын. Балық аулауға бала кезден әуеспін, бірақ тек соңғы алты жылдың көлемінде ғана оған кәдімгідей бет бұрдым. Әкем әуесқой балықшы, десек те сексенінші жылдары балық аулаудан кәсіпорындар арасында жарыс өткенде ол Петропавл бойынша екінші орын алған.
Балықшылар әртүрлі болып келеді, біреуі сүйікті ісімен айналысу үшін күн, сағат санайды, енді бірі мүмкіндік болғанда қармағын алып көлге аттанады. Оған қармағын балық қапса болғаны, ұсақ, мөңке немесе шабақ бола ма – бәрібір. Кейбірі ерекше балық ұстау үшін ақылы көлге барады, ал біреулер жақын маңдағы Есілге бара салуы мүмкін. Мен балық аулаумен қазір кәсіби түрде айналысамын, яғни ұсақ балық мені қызықтырмайды, көлдерге де таңдап барамын.
Ең бастысы әйелім менің балық аулауға барғаныма қарсы емес, баламның қызығушылығы бар, бұрын бірге жиі баратынбыз, қазір шетелде тұрады. Келген кезде үш буын жиналып балыққа шығамыз, әңгіме-дүкен құрамыз, әрі табиғат адамға тыныштық сыйлап, күш-қуат береді.
- Осы аралықта ұстаған рекордтық балығыңыз, салмағы қанша болды ?
- Өмірімде ұстаған ең ірі балығым... Негізі бұлай айтқан дұрыс емес шығар, мәселен көксерке көп болса 5-7 кг ғана тартады, жалпы балықтың әр түрінен олжам бар, салмағы 9 кг болатын шортанды қармаққа ұстағанмын. Тұқы балығының ең үлкені 4,8 кг болды. Мөңке бойынша рекорд – 1,7 кг. Негізінен өзім осы балықтарды аулаймын.
Жаз уақытында Есіл өзеніне тұқы, көксерке және шортанға шығамын. Жылтырауығы бар қармақпен аулаған ұнайды. Ол жылтырақты өзім істеймін.
Өзім балық аулауды лотореяға теңер едім, өйткені балық аулауға шықтың, сені алда не күтіп тұрғанын білмейсің, қармақты қаба ма, жоқ па, қандай балық түседі? Сонысымен де қызық.
- Түрлі оқиғалар да болып тұратын шығар ?
- Ия, әр сапар сайын болады. Мәселен, балық аулап отырсың, бір кезде қалтқы қозғала бастайды, тартқан кезде жанама екінші балық қармаққа денесінен ілініп шығады. Яғни ойламаған жерден қасынан жүзіп бара жатқан балық та қармаққа ілегіп қалған. Осылайша қармақты суға бір салып, екі балық ұстайтын кездер болады.
Қорқынышты жағдайға көлге балық аулауға мас күйде келетіндерді жатқызар едім. Өйткені көпшілік көл басына балық аулауды сылтауратып, демалу үшін келеді. Спирттік ішімдік ішкеннен кейін моторлы қайыққа мінеді. Олар мұндайда қауіпсіздік шараларын ұмытады, өз істеріне жауап бере алмайды, автокөлікті мас күйде басқарғанмен бірдей ғой. Көз алдымда суға батып кеткен жағдайлар болды, біз оларды құтқара алмадық. Қауіпсіздік бірінші кезекте тұруы керек. Құтқару жилетін ұмытпаған жөн. Балықшылардың кейбірі мұз қалыңдамай жатып үстіне шығады, үйлерінде жейтін тамақ жоқ, сол балыққа қарап қалғандай, кейбіріне, шынында да соңғы балық болып жатады...
Қазір өзім жел соға бастаса бәрін тастай салып, жағаға шығамын. Оған мына бір оқиға себеп: Петропавлдан 180 км жердегі Кіші Тораңғұл көліне бардық. Көл үлкен, жел тұрғанда кәдімгідей толқын пайда болады. Біз жағалаудан 80-100 метр жерде көл үстінде жүргенбіз, бір кезде ойламаған жерден дауылдатып, үлкен толқындар пайда болды. Үрлемелі қайығымыз басқаруға келмей, жағалаудан соққан жел көл ортасына итере бастады. Моторын да қостық, ескекпен де естік, нәтижесінде аман-есен жағаға шықтық. Жан тәтті, сол жолы қатты қорықтым.
Ал түнгі балық аулаудың романтикаға толы өз қызығы бар. Балық сорпасын пісіріп, шегірткенің шырылын тыңдап, аспанға қарап жатқанға не жетсін! Жұлдызды аспанының өзі ерекше ғой, қалада ешқашан ондай аспанды көрмейсіз. Қолыңды созсаң жақұт жұлдыз саусағыңа ілінгендей!
- СҚО көлдерінің, мұнда балық аулаудың ерекшелігі неде? Қай көлдер қазір балықшылар арасында танымал ?
- Еліміздің оңтүстік өңірлерінде де балық ауладым. Балқашқа келетін болсақ, ең алдымен балықтардың алуандығын айтуға болады, Мысыр еліне саяхаттағанда да хоббиімді ұмытқан жоқпын, бірақ, менің пікірімше, СҚО-да балық аулағанға ештеңе жетпейді. Неліктен? Алдымен біздің көлдер шағын, яғни балықты іздеу анағұрлым жеңіл, ерекше балықтар да жетерлік. Ірілердің қатарына жататын Шағлы, Үлкен, Кіші Тораңғұл көлдерін, Сергеев су қоймасын алайық, ол жерлерде ірі балықтарды ұстауға болады, бірақ қай жерінде барын білу үшін алдымен зерттеп алғаның жөн, оған бірер күн уақытың кетуі мүмкін.
Аулайтын балығыңа қарай көлді таңдайсың. Қазір балықшылар баратын негізгі көлдер – Жамбыл ауданы Симаки елді мекені маңындағы Песчаное және Мамлют ауданы Токаревка елді мекені маңындағы Федосеево көлі. Біріншісі Петропавлдан 100 шақырым жерде болса, екіншісі жақынырақ, ара қашықтық 70 км-дей. Мұнда тұқы, шортан балығы кездеседі. Шортанды сондай-ақ Безкамышка көлінен және Есіл өзенінен аулауға болады.
- Көлдерге жолдама СҚО-да қанша тұрады, бағасы көңіліңізден шыға ма?
- Жолдама бағасы біздің өңірде өте қымбат. Көрші Ақмола облысымен салыстырсақ, бір тәулікке арналған жолдама 280 теңге тұрады, ең қымбатын 500 теңгеге алуға болады. СҚО-да ең арзаны 1,5 мың теңге, ең қымбаты 4 мың теңгеге жетеді. Екі өңірдегі айырмашылық неге жер мен көктей? Неліктен мұны ешкім бақыламайды? Бұл өңір балықшыларының негізгі проблемасы.
- Балық аулауды енді бастап жатқан балықшыға қандай кеңес бересіз?
- Көпшілік қателесіп барып, үйреніп жатады. Менде де солай болды. Бірден, еш тәжірибесіз тұқы балығын аулаймын деп шештім. Кейін білдім, оның қыр-сыры көп екен, сондай-ақ тұқы аулайтындар жеке топ, негізінен ол байлардың хоббиі, өйткені керек-жарағы қымбат тұрады.
Алты жылдың ішінде жинаған аз-мұз тәжірибем бар, бірақ әлі де үйреніп жатырмын.
Қазір балықшылар өте көп, бүгінде екінің бірі балық аулайтын сияқты. Қазір балық аулау сәнге айналған. Тағы бір байқағаным, өзім осы салада жұмыс істегендіктен, азық-түлік дүкенінде балық сататын дүкенге қарағанда адам аз. Сондай-ақ бұрын көлде орыс балықшылар көп болатын, қазір қазақтар да, басқа ұлттар да жетерлік. Бұл қуанарлық жағдай.
- «Әйелді балық аулауға ертіп барсаң, қармаққа балық түспейді» дегенді жиі естиміз. Сіз ырымдарға сенесіз бе? Балықшылардың арасында тағы қандай салт-дәстүрлер бар?
- Әйелге балық аулауға болмайды, ертіп апарсаң қармақты балық қаппайды деген әрине бос сөз. Мен өзім бұған үзілді-кесілді қарсымын. Әлеуметтік желіде балықшылардың екі тобында бармын. Соның біреуінде 28 адам отыр, соның бірі – әйел. Ол үнемі бізден көп аулайды, әйелдердің балық аулауда жолы болғыш дер едім.
Тағы бір оқиға есіме түсті, бірде Песчаное көліне таңғы сағат 6.00 шамасында шортан аулауға келдім. Қарасам, қона жатқандар бар екен. Бір кезде он шақты қайық көлге шыға бастады. Бір қызығы – соның барлығы қыз-келіншек болды. Кейін білсем, СҚО-да балықшы әйелдердің өз тобы бар екен. Олар алдын ала келісіп, демалуға және мөңке аулауға бірге шыққан ғой. Күйеулері күнге қыздырынды, демалды, әйелдер балық аулады.
Әйелдердің бірі менің жылтырауық қармақпен келгенімді көріп, қасында басқа балықтарды үркітіп маза бермеген шортанды аулауымды сұрады. Сол шортан менің арнайы қармағыма түспей, әлгі әйелдің мөңкеге деген қармағына ілінді ғой.
Қазір ерлі-зайыпты балықшылар көбейген. Бұл өте дұрыс деп ойлаймын, ортақ қызығушылық некені берік ете түседі.
Ал жалпы қармақпен балық аулап, одан бір пайда табу мүмкін емес. Жол шығыны, көлге жолдама, тамағың, керек-жарағың – кемінде 7-8 мың теңге ақша керек. Бұдан бөлек, қайық, палатка, қармақ, тағы да басқа ұсақ-түйегің бар. Соған қарамастан балық аулаудың өз рахаты бар. Ең бастысы денсаулыққа пайдалы.
- Рахмет!