СҚО-да қайта аттестаттау барысында 50 полицей қызметтеріне сай емес деп танылды

ПЕТРОПАВЛ. 31 тамыз. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында ішкі істер органдары қызметкерлерін кезектен тыс қайта аттестаттау жалғасуда.

Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің ақпаратынша, аймақтық аттестаттау комиссиясынан өткен 543 полиция қызметкерінің жетеуі қызметтеріне сәйкес деп танылып, кадрлық резервке немесе қызметте жоғарылатуға ұсынылды. 486 тәртіп сақшысы алып отырған қызметтеріне сәйкес деп танылды.

Қызметтеріне сай келмей, қызметте төмендетілуге ұсынылатын 17 адам бар. Қызметтеріне сәйкес келмей, басқа жұмысқа ауыстыруға ұсынылған қызметкерлер саны - 25. Құқық қорғау органдарынан жұмыстан шығару 8 адамға тиесілі болды.

СҚО құқық қорғау органдарында барлығы 2 000-нан астам полицейлер кезектен тыс аттестаттаудан өтуге тиісті.