СҚО-да қайтарылған активтер есебінен 30 ауылға су құбыры тартылып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылғы 17 маусымда Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп 30 ауылдық елді мекенде сумен жабдықтау желілерінің құрылысын тексерді.
Қаржыландыру прокуратура органдары қайтарған активтер есебінен жүзеге асырылады.
Іске асырылып жатқан жобалардың арқасында 11 мыңнан астам азамат сапалы ауыз суға қол жеткізе алады. Бұл санитарлық қауіпсіздік деңгейін арттырады және ауылдық аумақтардың тұрақты дамуына жағдай жасайды.
Қазіргі уақытта су құбыры желілері салынып жатыр. Құрылысты ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Мердігерлік ұйымдарға жұмыстарды мерзімде орындау және сапасын қатаң сақтау туралы ескертілді.
Солтүстік Қазақстан облысында қайтарылған активтер есебінен барлығы 33 жоба іске асырылуда-бұл өңірді дамытудың және оның тұрғындарының әл-ауқатын арттырудың пәрменді тетігі.
Айта кетелік қайтарылған активтересебінен Жамбыл облысында Жаңаөткел ауылы таза ауыз сумен қамтамасыз етілген еді.