СҚО-да қайтарылған активтер қаражатына жаңа су құбыры тартылды
АСТАНА. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарын баяндады.
Биыл Тайынша қаласында ұзындығы 4,5 шақырым болатын жылу желісін жаңғырту жұмыстары аяқталып қалды, бұл жобаның құны — 730 млн теңге.
— Облыста 76 шақырым электр жабдықтау желілері ауыстырылып, 13 млрд теңгеге 3 қосалқы станция қайта жаңғыртылды. Петропавл қаласындағы жалпы құны 11 млрд теңге болатын, ұзындығы 8,1 шақырым екі жылу желісі бойынша жұмыстар жоспарланып отыр. Жалпы 2029 жылға дейін 7 мың шақырымнан астам инженерлік желілер жаңғыртылады, — деді Ғ. Нұрмұхамбетов елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.
Жылыту маусымына дайындық аясында 1,5 мың шақырым электр желісі, 13 шақырым жылу желісі және 5 шақырым су құбыры жөнделді. Петропавл ЖЭО-2-нің №1 түтін мұржасы салынды.
— Биыл өңірде су құбыры жүйесін дамытуға рекордтық 74 млрд теңге бағытталды. Бұл көрсеткіш өткен үш жылдық кезеңмен салыстырғанда 2 еседен астам көп. Айта кету керек, оның 45 млрд теңгесі қайтарылған активтер есебінен жұмсалды, — деп толықтырды облыс әкімі.
Бұған дейін Ғ. Нұрмұхамбетов Солтүстік Қазақстанда рекордтық 6,5 млн тонна астық жиналғанын айтқан еді.
Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысы 900 млрд теңгеге жуық инвестиция тартты.