Петропавл қаласында өткен «Ұлтын сүйген ұлылар» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция мен республикалық ақындар айтысы белгілі қазақ жазушылары - Ғабит Мүсіреповтің 120 жылдығына, Сафуан Шәймерденовтің 100 жылдығына және Кәкімбек Салықовтың 90 жылдығына арналды.
Конференцияға СҚО әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек, Жазушылар одағының мүшесі Ғалым Жайлыбай және т.б. игі жақсылар қатысты.
Конференция барысында өңірдің жас ақындарының 3 кітабының, сондай-ақ СҚО жазушылары антологиясының тұсаукесері өтті.
Іс-шара соңында Ақберен Елгезек өңірдің жас қаламгерлері - Аманжол Зағыпар, Құлайхан Рахмет, Нұргүл Оқашеваға куәліктер тапсырды және олардың ҚР Жазушылар одағының құрамына қабылданғандарын жариялады.
16 наурыз күні Ақан сері атындағы облыстық филармонияда республикалық ақындар айтысы өтті.
Айтысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, айтыс ақындары мен жыршы-термешілер халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман жүргізді.
Жыр-додаға республиканың түкпір-түкпірінен 12 айтыскер ақын қатысты.
Қазылар алқасының құрамына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай төрағалық етті.
Сондай-ақ, қазылар алқасының құрамында белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек, айтыскер ақын Дәулеткерей Кәпұлы, Бауыржан Халиолла және басқалар болды.
Айтыста бас жүлдені Қызылжар өңірінің намысын қорғаған ақын Жарқын Жұпархан жеңіп алды.
1-орын Нұр-Сұлтаннан келген Еркебұлан Қайназарға бұйырды.
Айта кету керек, Жарқын Жұпархан - республикалық айтыстың бас жүлдесін жеңіп алған алғашқы солтүстікқазақстандық.