СҚО-да туристер жиі баратын танымал ауылдың тұрғындары суды сатып алып ішіп отыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысындағы Озерное ауылының тұрғындары 1970 жылдары қолмен қазылған құдықтан су ішіп отыр.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Бұл ауыл Тайынша ауданында орналасқан. Кезінде жер аударылған поляктар ауылдың негізін құрған. Католик дініндегілердің қасиетті орны – «Қазақстан жұлдызы» алтарі орналасқан ғибадатхана болғандықтан, мұнда келушілер қатары қалың. Алайда тұрғындар саны жылдан-жылға азайып барады. Оның бір себебі – ауызсу тапшылығы.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Мария Свежак биыл 80 жасқа толды. Ішер суды дүкеннен сатып алады. 5 литрлік су жалғыз өзіне 2 күнге жетеді.

- 135 мың теңге зейнетақы аламын. Соның бір бөлігі суға кетеді. Үйдің жанындағы құдықтың суын ішпеймін. Өзіңіз көріп тұрғандай, қоқыс, әрі ащылау дәмі бар. Суын кір жууға аламын, өткен-кеткен көліктер тоқтап, басқа су алатын жер болмағасын ішіп жатады, - дейді Мария Свежак.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Туғаннан осы елді мекенде тұрып жатқан Мария әжейдің айтуынша, мұнда орталықтандырылған су желісі мүлде болмаған. Ал үйінің қасындағы құдық 1973 жылы қазылған екен. 1989 жылы құдықтың бөренелерін ауыстырып, жөндеген.

- Польшадан делегация келетін болғандықтан құдықтарды ретке келтірді. Содан бері тұр. Енді ешкімге керегі жоқ. Көктемнен бастап суды сатып алып ішемін. 5 литрлік бөтелке 700 теңге тұрады, - дейді зейнеткер.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, былтыр жоғарыдан тапсырма түсіп, орталық көшедегі ескі құдықтың үстіне фильтр қойған. Бірақ ол ұзаққа бармай істен шыққан.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

- Үш ай ғана таза су іштік. Ол қыста болды. Бітті. Сүзгілері лайға толды, ие жоқ. Істейтін ақша жоқ. Әкім «мен ештеңе істей алмаймын» дейді. Келіспек болды, бірақ, қазір ақшасыз ешкім ештеңе істемейді ғой. Осындай 3-4 құдық бар, жұрт амалсыздан содан суды алады. Оның сапасын тексеріп жатқан да ешкім жоқ. Соңғы рет сексенінші жылдары СЭС тексерген шығар, - дейді Мария Свежак.

Озерное елді мекенінің тұрғыны Леонтина Корчинскаяның айтуынша, жақында Озерное ауылының 90 жылдық мерейтойы аталып өткен.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

- Ауылдың 90 жылдығына орай қайта жөнге келтіре ме деп күтіп едік, болмады. Басында ескі құдыққа үйшік қойып, фильтр орнатты. Бірақ ескі құдықтың суы аз болды, фильтр құм-лайға толып қала берді. Осылайша екі ай ғана жұмыс істеді. Ауыл жиналысында біз 25-30 метрлік ұңғыма орнатуды сұрадық, таза су ішу үшін. Оны былтыр күзде іске қосты. Суы жұмсақ, тап-таза еді, бірақ, енді ол жұмыс істемей жабық тұр. Бізге резеңкелері суықтан үзілген деді, ал оны ауыстыруға ешкім асықпайды. Біз, тіпті үйді суға кіргізу туралы айтпаймыз да, - дейді Леонтина Корчинская.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Ауыл әкімі Талғат Жомартовтың айтуынша, Озерное елді мекенін орталықтандырылған су беру желісіне қосу мәселесі қазіргі уақытта ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінде қаралып жатыр. Жобалық-сметалық құжат 1,5-2 жыл жасалмақ.

- Келлеровка аймағын сапалы ауыз сумен қамту жобасы 3-4 жылға шақталған. Оған дейін кешенді блок модульдер қойып жатыр. Маған қарайтын Красная Поляна ауылдық округінде осында 6 КБМ бар. Озерныйдағы КБМ істемей тұрған, бүгін кешке барып іске қосамыз. Мердігерлерді шақырдық. Аудандық бюджеттен бөлінді, нақты қанша сома екенін айта алмаймын, шамамен 6-8 млн теңге шығар, - дейді Краснай Поляна ауылдық округінің әкімі Талғат Жомартов.

Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Бұған дейін СҚО-дағы Көбенсай ауылында таза су мәселесі туралы жазған едік.