СҚО-да келер жылы екі мектептің құрылысы басталады

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында білім беруге бөлінген бюджет соңғы үш жылда 1,5 есеге ұлғайды, биыл салаға 99 млрд теңге жұмсалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде СҚО білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков жылды қорытындылап, атқарылған жұмыстар жайында есеп беріп, жоспарлары туралы айтты.

Ауыз толтырып айтарлық жетістік жетерлік. Өңірде саланы қаржыландыру жылдан жылға ұлғайып келеді, биыл 99 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде Петропавлда 900 орындық мектеп салынып, пайдалануға берілді. Облыстың 84 мектебі жаңғыртылды, оның 52-сі күрделі жөнделді. Кітапханаларға 171,7 млн теңгеге көркем әдебиет сатып алынды. Мектеп асханалары жөнделіп, кабинеттерге жиһаздар алынды, физика, биология кабинеттері жарақтандырылды.

«Мектепке дейінгі білім берумен 3-6 жастағы балалар 100% қамтылған. Биыл 600 орын ашылады деп жоспарланған. Сондай-ақ Тайынша ауданы Вишневка елді мекеніндегі апатты жағдайда тұрған мектептің орнына 120 орындық білім ордасы салынып жатыр. Келер жылы Петропавлда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 1200 орындық және Тайыншада 600 орындық мектептердің құрылысы басталады», - дейді Нәзір Жәшібеков.

ҰБТ бойынша түлектердің орташа балы – 74,8-ді құрады. Нәтижесінде жастардың 60%-ы грантқа оқуға түсті. Қосымша жергілікті бюджеттен 11,6 млн теңге бөлініп, ветеринария, медицина, агрономия, білім, мал өнімдерін өндіру технологиясы бойынша 50 грант берілді.

Облыстағы 21 колледжде мамандар дуалды оқыту бойынша даярланады. Қазір 285 кәсіпорында 2 мыңнан астам студент білімін жетілдіріп жатыр.

«Жас маман» жобасы аясында екі жылда 2,5 млрд теңгеге 9 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылды.

«Ауылдық жерлерде балаларды мектептерге жеткізу мәселесі де шешіліп жатыр. 2 жыл ішінде автобус паркіне жаңа 60 көлік алынды. Келесі жылы тағы 29-ы сатып алынбақ. Сондай-ақ оқушылардың қауіпсіздігі үшін 12 мыңнан астам бейнебақылау камералары орнатылып, барлық мектеп бейнебақылау жүйесіне қосылды», - дейді басқарма басшысы.

Келер жылы Петропавл мен аудан орталықтарының мектептеріне дабыл бастырмалары орнатылып, мамандандырылған күзетпен қамтамасыз етілмек.


Соңғы жаңалықтар