СҚО-да кене шаққандар саны жылдағыдан көп, дәрігерлер қауіпсіздік шараларын еске салды

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында күн жылынғалы кене шаққан 335 адам медициналық көмекке жүгінді.

Фото: Pexels

Көктемнің ерте шығуына байланысты биыл өңірде зиянкестен зардап шеккендер саны артқан. Тек сәуір айында 200-ге жуық адамды кене шақса, былтыр осы аралықта 138 адам дәрігерге қаралған. 

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, кене шағу деректерінің жиілеуіне табиғат аясына демалуға шығушылардың көбеюі себеп. Осыған байланысты мамандар тұрғындарды сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырады.

— Бүгінге дейін медициналық көмекке жүгінгендердің 91-і 14 жасқа дейінгі балалар. Дегенмен, әзірге кене энцефалиті ауруы анықталған жоқ. Бұл өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін көрсетеді, — дейді санитар дәрігерлер.

Мамандардың айтуынша, кене энцефалиті — кене шағуы арқылы таралатын қауіпті вирустық ауру. Ол адамның миы мен жұлынын зақымдап, ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Сондықтан алдын алу шараларын сақтау аса маңызды.

— Соның бірі — вакцинация, ол кене энцефалитінен қорғанудың ең сенімді жолы. Алайда екпені алдын ала жоспарлап алған жөн. Табиғатқа шыққанда жабық, ашық түсті, жеңі ұзын киім киген дұрыс.

Репеллент сияқты кенеге қарсы арнайы қорғаныс құралдарын қолдану да маңызды. Табиғат аясына шыққанда кене барын естен шығармаған жөн, яғни, биік шөптің арасына кірмей, өзіңізді және балаларды жиі тексеріп отыру қажет, — дейді мамандар.

Бұған дейін Қазақстанда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының таралу қаупі сақталғанын жазған едік.