СҚО-да қырықтан астам су айдынын санитар дәрігерлер бақылауға алған
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындар жиі демалуға баратын 47 су айдынын бақылауға алған.
Ведомствоның баспасөз қызметі мәліметінше, былтырғы су тасқынына байланысты демалыс орындарының бесеуі бүгінде тоқтап тұр. Олар: Қызылжар ауданы Абакшинодағы 4 демалыс базасы және Петропавлдың Есіл өзенінің жағасындағы қалалық жағажай.
Санитар дәрігерлер су айдындарының жағдайына санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізіп, барлығы 338 су сынамасы алынып, зерттелді. Оның ішінде микробиологиялық, санитариялық-химиялық, вирусологиялық зерттеулерге, паразитологиялық көрсеткіштерге, және тырысқақ вибрионына сынама алынды.
Зерттеу нәтижелері бойынша, тұрғындар демалатын су айдындары қауіпсіз, стандартқа сай келмейтін су сынамалары анықталған жоқ.
— Аумақтық басқармалармен кәсіпкерлік субъектілерімен кездесулер ұйымдастырылып, халықтың жазғы демалыс және қоғамдық тамақтану орындарын дайындау, сондай-ақ, су айдындарындағы халықтың жаппай демалатын орындарында санитариялық ережелер талаптарын сақтау бойынша жұмыс жүргізілді. Су айдындарының сапасы шомылу маусымы аяқталғанға дейін бақылауда болады, — дейді департамент мамандары.
Бұған дейін Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі жаз мезгілі қарсаңында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шараларды жүзеге асырып жатқанын жазған едік.